Шемонаиха ауданында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылады
Шемонаиха ауданында үш мемлекеттік өртке қарсы бөлімше және жеті өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Соның ішінде биыл Камышинка және Октябрьское ауылдарында қосымша өрт сөндіру бекеттері ашылды, деп хабарлайды Altainews тілшісі.
Бұл өрт сөндіру бекеттері аудан әкімдігі мен шаруашылықтардың күшімен ашылып, ҚР ТЖМ тарапынан берілген арнайы техникамен толық жарақтандырылған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыру аясында Вавилон ауылдық округіне қарасты Сугатoвка ауылындағы өрт сөндіру бекетіне барып, өртке қарсы жабдықтардың дайындығымен танысты.
Бағдарлама ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға бағытталған.
Алдағы уақытта аталмыш өрт сөндіру посты облыс әкімі мен ҚР ТЖ министрінің қатысуымен ресми түрде ашылмақ. Жаңа нысан өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын айтарлықтай қысқартып, өңірдегі өрт қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Өрт сөндіру бекеті барлық қажетті жабдықтармен және техникамен қамтамасыз етілген. Техника Шемонаиха қаласындағы ӨБ-28 бөлімінен беріледі. Қазіргі таңда ШҚО ТЖД Шемонаиха аудандық ТЖБ базасында КАМАЗ АЦ-8-40-7 (4318) техникасымен жабдықталған.
Бұл жөнінде облыс әкімі Нұрымбет Аманұлына облыстық ТЖД бастығы, полковник Рашид Блялов баяндады.
Өрт сөндіру посты Сугатoвка ауылының (561 адам), сондай-ақ жақын орналасқан Горкуново (83 адам) және Кенюхово (244 адам) ауылдарының тұрғындарына өздерін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік бермек және тұрғын үйлерге, шаруашылықтарға және әлеуметтік инфрақұрылымға тілсіз жаудан келетін шығын қаупін барынша азайтады.
Аудандағы «Заря» шаруа қожалығы өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға белсенді атсалысып келеді. Осы өрт сөндіру бекетін салу бастамасы шаруашылық басшыларының қолдауымен жүзеге асырылып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталып отыр.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Жібек Нұрахмет







