Өскемендіктер бір сергіп қалды
Өскемен қаласындағы "Алтай" көтерме сауда-тарату орталығының аумағында «Туған жер - алтын бесігім» облыстық жобасы аясында ұйымдастырылған кезекті ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде Шемонаиха ауданының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Күн райының әдеттегіден ызғарлы болғанына қарамастан сенбі күнгі жәрмеңкені асыға күткен қалалықтардың қарасы аз болған жоқ. Тек ауыл шаруашылық өнімдері ғана саудаланып қоймай, Шемонаиха ауданының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, жырдан шашу шашты.
-Шемонаиха аграрлық аудан әрі облыс орталығына жақын орналасқан. Жәрмеңкеге ауданның тауар өндірушілері 6,4 тонна өнім әкелді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, ауданның жеке кәсіпкерлері қалалықтарға тауардың 30-дан астам түрін ұсынды, оның ішінде 0,9 тонна жылқы еті, 1,6 тонна сиыр еті, 0,3 тонна қой еті, 390 кг құс еті, 200 кг шұжық өнімдері, 0,5 тонна сүт өнімдері, 140 кг көкөніс, бір тонна өсімдік майы, 0,8 тонна жарма, 200 кг ұн, 60 кг бал, 300 дана тауық жұмыртқасы, нан-тоқаш өнімдері бар, - деді ауданның кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мадина Шекеева.
Жәрмеңкеде сиыр етінің бір келісі – 2400 теңге, жылқы еті – 2400 теңге, қой еті – 2100 теңге, бал - 2200 теңге, сары май 4600 теңге, картоп – 100 теңге, сәбіз – 130 теңге, орамжапырақ – 95 теңге, пияз – 80 теңгеден саудаланды.
Өскемендіктер мен қала тұрғындарына «Е.М. Дакиев» ЖК нан-тоқаш өнімдерінің 20-дан астам түрі, "Сивер-Плюс" ЖШС сүт өнімдері, "Камышенское" ШҚ жармасы, "Подкорытова В. А." шаруа қожалығының көкөністері, С. О. Вавилонскийдің "Белоусов Д. В." ЖК құс еті мен жылқы еті "Нурахметова Б." сиыр еті ЖК "Мусаханов Р." шаруа қожалықтарының ет өнімдері сатылды. "Иванченко С. М." жеке кәсіпкердің тоқыма бұйымдарына қызығушылық танытқандар да аз болған жоқ.
-Кешеден бері шемонаихалықтар облыс орталығының халқына өнерпаздарының өнерін паш етіп, ән-жырымен тербетті. Бүгін жәрмеңкеге келіп, қолдап жатқандарыңызға көп рахмет! “Камышинское” шаруа қожалығы сұйық май, сүт өнімдері мен қарақұмық, бұршақ сияқты жармалар әкелді, - деді “Вавилон” ауылдық округінің әкімі.
Жалпы, облыс орталығында аудандардың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен "демалыс күні" жәрмеңкелерін өткізу әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға және халықты орташа нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен сапалы және табиғи азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін оң әсер етуде.
Жәрмеңке аясында гір көтеру, таяқ тарту, арқан тарту, қол күресі сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, қалалықтар бір сергіп қалды.
Айна Ескенқызы
Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Ермек Жиенбеков