163 мың адам наурыз айындағы ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш берді

Фото: kazaknews.kz
Наурыз айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініш қабылдау аяқталды. Жалпы, 163 мыңға жуық талапкер тестілеуден өтуге ниет білдірді. ҰБТ 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Талапкерлер өтініш беру кезінде тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіруші түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
ҰБТ барысында калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.
ҰБТ пәндерінің саны өзгеріссіз қалады: үш міндетті және екі таңдау пәні. Тест тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде:
• «Қазақстан тарихынан» – 20 тапсырма,
• «Оқу сауаттылығынан» – 10 тапсырма,
• «Математикалық сауаттылықтан» – 10 тапсырма,
• Екі бейіндік пәннен – 40 тапсырмадан.
Максималды балл – 140, бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі.
Айта кетейік, 10 ақпанда қаңтар ҰБТ-сы аяқталды. Бұл тестілеуге 164 мыңға жуық талапкер қатысты. Олардың 76,8%-ы қазақ тілінде, 23,1%-ы орыс тілінде, ал 89 адам ағылшын тілінде тест тапсырды. Шекті балды талапкерлердің 70,4%-ы жинады. Орташа балл – 65,8. Ең жоғары нәтиже – 139 балл. Жалпы, 186 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.