Қазақстандағы салықтық түсімдердің үлесі ЖІӨ-нің 18%-ын құрайды

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, Қазақстанда жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққандағы салықтық түсімдердің үлесі шамамен 18%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен, себебі оларда салықтық түсімдер ЖІӨ-нің 50%-дан астамын құрайды.
Министрдің айтуынша, салық түсімдерінің төмен деңгейі халыққа әлеуметтік қолдау көрсету мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруда қиындықтар туғызуда. Қаржы ресурстарының жеткіліксіздігі маңызды жобалардың жүзеге асуын баяулатуы мүмкін.
Серік Жұманғарин сондай-ақ цифрландыру мен салықтық әкімшілендіру жүйесіндегі реформалар салық саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал ететінін атап өтті. Бұл өзгерістер салық жинау процесін ашық әрі тиімді етіп, экономиканың тұрақты дамуына серпін беруге тиіс.
Премьер-министрінің баспасөз қызметі