Мамырда кенелерден келетін қауіп күшейеді

depositphotos.com
2025 жылғы 23 сәуірдегі мәліметке сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының эндемиялық аумақтарында кене шағуына байланысты 668 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 30,4 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кене шағудың салдарын болдырмау үшін зардап шеккендердің 90 пайызы кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин алған. Ал қалған 10 пайызға (68 адамға) серопрофилактика жүргізілмеген. Оның себептері: медициналық көмекке кеш жүгіну (29 адам), өздігінен бас тарту (12 адам), бұрынғы екпе фактісі (3 адам), медициналық көрсетілімдердің болмауы (1 адам) және эндемиялық емес аумақтарда кене шағуы (23 адам).
Эпидемиологтардың мәліметінше, қазіргі таңда облыс аумағында кене арқылы жұғатын аурулар тіркелген жоқ. Дегенмен, көпжылдық эпидемиологиялық талдау нәтижесіне сүйенсек, ШҚО-да ауру жағдайлары көбіне мамыр айында тіркеле бастайды. Бұл кезеңде кенелердің белсенділігі едәуір артады.
Бүгінде облыстың эндемиялық аймақтарындағы медициналық ұйымдарда кене шағудан зардап шеккендерге арналған иммуноглобулиннің жеткілікті қоры бар.
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Глубокое, Алтай, Катонқарағай, Самар, Үлкен Нарын, Ұлан, Шемонайха аудандары мен Риддер, Өскемен қалалары маңын кене энцефалитінің жоғары қауіп аумақтарына жатқызады. Сонымен қатар, көктемгі-жазғы кезеңде кене шағу қаупі артатынын ескертеді.
Мамандардың айтуынша, кенелер тек энцефалит, риккетсиоз, боррелиоз (Лайм ауруы) сияқты қауіпті инфекцияларды таратып қана қоймайды. Сонымен бірге олардың сілекейі иммунитетті төмендетіп, аллергиялық реакциялар мен созылмалы аурулардың асқынуына себеп болуы мүмкін.