Ерлік естен кетпейді: Өскеменде Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт өтті (видео)
9 мамыр – миллиондардың жүрегінде өшпес із қалдырған қасиетті де қастерлі күн. Осы бір тағдырлы датада Өскемен қаласында өткен Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт соғыстың зұлмат жылдарын еске салып, елдік пен ерлікті ұлықтаған рухани кешке айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Даңқ мемориалы маңында ұйымдастырылған концертті тамашалауға келген халықтың қарасы қалың болды. Әжелер немерелерінің алақанынан ұстап, аталардың жанары сонау 40-шы жылдарға көшкендей – әр жүрек толқып, әр көз мөлтілдеді.
Сахнадан соғыс жылдарындағы әндер шырқалғанда көрермен ішінен үнсіздік басым болды. Әрбір әуен майдан даласының жаңғырығы секілді. Сол бір зұлмат күндердің салмағын жүрекпен сезінгендей болдық.
Кешке келгендердің көбі балаларын ертіп келген. “Балам осы әндерді, осы күннің қадірін біліп өссе екен”, – дейді жас ана. Олар үшін бұл концерт – жай ғана өнер кеші емес, тарихпен тілдесу, елге деген құрметтің сабақтастығы.
Сахнадағы әр сөз, әр ән Отан үшін от кешкендердің құрметіне арналды. Бұл – тек өткенді еске алу емес, бүгінгі бейбіт күнге деген алғыс, ертеңге аманат. Өйткені ерлік – естен кетпейді. Естен кетпеуге тиіс.
Қуаныш Рахметоллаұлы
Фото: Екатерина Семина