KZ
Өскемен
+23°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
518.97 607.3 6.64

Өнеркәсіпке құйылған инвестицияның көлемі өсті: Ел Президентінің тапсырмалары қалай орындалып жатыр?

13.06.2025, 18:15 145 Ержан Әбіш

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында жедел индустриялық даму мен жоғары қайта өңдеу деңгейіндегі кластерлер құрудың басымдығын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет қосылған құнды арттыру мен тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға бағытталған шараларды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazpravda.kz сайтына сілтеме жасап.

Негізгі бағыттарға – индустриялық даму, өндірісті жаңғырту, құрылыс саласы мен тұрғын үй секторын қолдау, сондай-ақ табиғи ресурстарды тиімді игеру жатады.

Машина жасау саласына инвестициялар

 Машина жасау – экономика дамуының маңызды бөлігі. Бүгінде елімізде 4 мыңнан астам машина жасау кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 66-сы – ірі, 105-і – орта, 3 998-і – шағын кәсіпорындар. Өндірістік орталықтар мен мамандандырылған зауыттар елдің түкпір-түкпірінде орналасқан.

2024-2028 жылдарға арналған машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында қолданыстағы өндірістерді жаңғырту, кеңейту, жаңа кәсіпорындар ашу, сондай-ақ шағын және орта бизнесті басымдықпен және қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.

Салаға инвестиция тарту бойынша да шаралар күшейтілді. Индустрия және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы машина жасауға негізгі капиталға 115 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш екі еседен астам өсіп, 282 млрд теңгеге жетті. 2025 жылдың бірінші тоқсанында 55 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі 33 млрд теңгемен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

Инвестиция тарту және өндірісті жергіліктендіру бойынша белсенді саясат отандық автокөлік өнеркәсібінің тұрақты дамуына алғышарттар жасап отыр. 2025 жылы елде 149 мың автокөлік шығарылады деп күтілуде.

Бұл өсім саланың бірнеше ірі жобасын жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етілуде. Солардың бірі – Алматы қаласындағы мультибрендті Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты. Мұнда CHANGAN, GREAT WALL MOTOR (Haval, Tank маркалары) және CHERY көліктері құрастырылады. Кәсіпорынға 202 млрд теңге инвестиция салынған, жобалық қуаты – жылына 120 мың көлік. Бұл жерде 3,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт сондай-ақ автокомпонент шығаратын қосалқы өндірістердің дамуына серпін береді.

Сондай-ақ Қостанайда KIA Қазақстан зауытының құрылысы жүргізілуде. Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 70 мың көлік шығарып, 1,5 мың адамды жұмыспен қамтиды. Жобаның жалпы құны – 90 млрд теңге.

Бұл жобалардың жалғасы ретінде Алматы индустриялық аймағында «Almaty Autoparts Production» атты автокөлік орындықтарын өндіру зауыты іске қосылды. Бірінші кезеңге 4 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорын жылына 100 мың жиынтық орындық шығарады. Өнім Hyundai Tucson көлігіне пайдаланылуда, жақын арада Hyundai Santa Fe үшін де қолданылады, сондай-ақ KIA мен Astana Motors зауыттарына жеткізіледі.

Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет индустриялық дамудың бір бөлігі ретінде жоғары технологиялы кластерлер құру және олармен сабақтас салаларды қолдауды жалғастыруда. Осы мақсатта құны 6 трлн теңге болатын 17 инвестициялық жобадан тұратын тізім жасақталған. Оның 9-ын Индустрия және құрылыс министрлігі қадағалап отыр.

Машина жасаудың өзге сегменттерінде де инвестициялық өсім байқалады:

  • Подшипник пен жапқыш арматура өндірісі – инвестиция 49,8%-ға артып, 21,1 млрд теңгеден 31,7 млрд теңгеге жетті;
  • Компьютер, электроника және оптикалық құралдар өндірісі – 51,8%-ға өсті. Бұл тұрмыстық электроника шығаратын Silk Road Electronics кәсіпорны мен аспап жасауға салынған инвестицияның арқасында мүмкін болды;
  • Машина мен жабдықтарды жөндеу және орнату – 11,2%-ға артты;
  • Электр жабдықтары өндірісі – трансформаторлар мен кабель өнімдеріне салынған инвестиция есебінен 9%-ға өсті.

Машина жасау мен автокөлік өндірісі – ел экономикасының басым бағыттарының біріне айналуда. Жергілікті өндірістің үлесі артып, сабақтас салалар қолдау табуда, ірі инвесторлар тартылып жатыр. Бұл еліміздің индустриялық дамуының ұзақ мерзімді, тұрақты негізін қалыптастырады.

 Химия өнеркәсібін дамытуға арналған жаңа жобалар

 Еліміздің химия өнеркәсібі – дамып келе жатқан өнеркәсіптік секторлардың бірі. Елде түрлі бағыттағы 240-тан астам химиялық өнім түрі өндіріледі, оның ішінде агрохимия маңызды орын алады. Агрохимия секторы жалпы өнім көлемінің 22,5%-ын қамтамасыз етіп, бүкіл саланың негізгі қозғаушы күші болып отыр. Бұл халық санының өсуіне және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты аграрлық өнімге жаһандық сұраныстың артуымен, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту қажеттілігімен байланысты.

2019-2024 жылдар аралығында химия өнеркәсібіне 1,7 трлн теңге инвестиция құйылды, оның басым бөлігі – жеке инвестициялар. 2025 жылдың басынан бері салаға 50,7 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде мемлекеттік – 2,6 млрд теңге, жеке – 48,1 млрд теңге. Бұл инвесторлар тарапынан сенім мен қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Бүгінде елімізде химия өнеркәсібінде 1 093 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 12 – ірі, 21 – орта, 1 060 – шағын кәсіпорын. Бұл шағын өндірістердің басымдығын және біріктіру мен жаңғыртуға әлеует бар екенін көрсетеді.

Ел Президентінің халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес ірі өндірістер іске асырыла бастады. Атап айтқанда, «KazAzot Prime» ЖШС-нің карбамид өндіретін зауыты және «QazaqKalium Ltd» ЖШС-нің калий тыңайтқыштарын шығаратын зауыты.

Сонымен қатар калий мен фосфорит кен орындарын игеру жобалары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Негізгі инвесторлар қатарында – Батыс Қазақстан облысындағы «Шалқар» кен орны бойынша жұмыс істеп жатқан SRPM компаниясы бар. Фосфорит саласында «Еврохим-Қаратау» ЖШС (NPK тыңайтқыштары), «Созақ-Фосфат» ЖШС және «Қазфосфат» ЖШС жұмыс істеп жатыр.

2024 жылы Қазақстан 205 түрлі химиялық өнім экспорттады. Отандық химия өнімдерінің басты импорттаушылары – Қытай, Ресей және Вьетнам.

Сала ұлттық экономикаға мультипликативтік әсер береді – ол тау-кен металлургия кешенімен, қышқылдар, катализаторлар, лак-бояу материалдары, химиялық реагенттер мен тыңайтқыштар өндірісімен тығыз байланысты. Осы салалардың өзара қолдауы өнеркәсіптік кооперацияны күшейтіп, түпкі өнімнің сапасын арттыруға ықпал етеді.

 Тау-кен металлургия саласын жаңарту және бақылау карталары

 Елдегі тау-кен металлургия кешені (ТКК) ірі кәсіпорындарының техникалық тұрақтылығын қамтамасыз ету және жаңғырту – басты бағыттардың бірі. Әлеуметтік-экономикалық дамуға елеулі ықпал ететін кәсіпорындар тізімі жасалды. Бұл тізімге әрқайсысында орта есеппен 500-ден астам қызметкері бар қара және түсті металлургия саласындағы 24 өндіріс, сондай-ақ 250-ден астам қызметкері бар металдық кен өндіретін 26 кәсіпорын енгізілді.

Саланы жүйелі бақылау мақсатында техникалық жағдайды, өндірісті жаңғырту мен кеңейтуді, өртке қарсы қауіпсіздікті, өндірістік және еңбек қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауды қамтитын арнайы бақылау карталары әзірленді. Бұл карталар уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды және жиналған деректер саланы жаңғырту бойынша шешімдер қабылдауға негіз болуда.

Құрылыс және тұрғын үй саясаты: цифрландыру, қолжетімді баспана және инфрақұрылымды жаңғырту.

Құрылыс саласын дамытудың басым бағыты – құрылыс процесінің барлық кезеңдерін (қала құрылысы жоспарынан бастап нысандарды пайдалануға беруге дейін) қамтитын Бірыңғай цифрлық экожүйе құру. Бұл жүйені іске қосу саланың тиімділігі мен ашықтығын арттырып, тапсырыс берушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетеді. Жаңа портал «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді және egov.kz платформасы арқылы жүйелер арасында кедергісіз өтуге мүмкіндік береді. Бұл пайдаланушыларға жүйеге қайта кірусіз жобалау және сараптамаға қатысты қызметтерді бір жерден алуға жағдай жасайды.

Сонымен қатар тұрғын үй саясатын жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік осал топтарды – көпбалалы отбасыларды, аз қамтылған азаматтарды және ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге баса назар аударылуда. Бұл бағыттағы басты құрал – «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы. Ол тұрғын үйге қолжетімділікті кеңейтуді көздейді және әлеуметтік осал топтар үшін 7%, басқа азаматтар үшін 9% жеңілдетілген мөлшерлемені ұсынады. Бағдарламаға қатысу шарты – соңғы бес жылда өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің атына тұрғын үйдің тіркелмеуі. Бағдарлама бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйді қамтиды. Мемлекет Отбасы банкінің сыйақысын субсидиялайды, ал қаражат нарықтық шарттармен тартылады.

2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, «Наурыз» бағдарламасы аясында 297,5 млрд теңгеге 11 324 несие берілді. Бұл мыңдаған отбасы, әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін тұрғын үй мәселесін шешудегі маңызды қадам болды.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы (2-10-20 форматы) да жұмыс істеуде. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна 10% болған жағдайда, 2% жылдық мөлшерлемемен 20 жылға дейін несие беріледі. 2019-2024 жылдары аралығында осы бағдарламамен 7 043 көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Тағы 23 152 отбасы сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер алды. 2025 жылы 1 028 көпбалалы отбасыға жалдамалы пәтер беріліп, 390 жаңа ипотекалық несие беріледі деп жоспарланған.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы (2020-2025 жж.) тұрғын үй мәселелерін шешуге жүйелі тәсілді қалыптастырды. Құжат азаматтардың әлеуметтік мәртебесі мен табысына қарай атаулы көмек көрсету қағидаттарын бекітіп, тұрғын үйге қолжетімділік баспалдағы құрылды. Сонымен қатар жеке жалға берілетін тұрғын үй институтын дамыту көзделген. Бұл үшін REIT – жылжымайтын мүлік инвестициялық қорларының тетіктері қолданылады. Мұндай тәсіл жеке капиталды тұрғын үй құрылысына тартуға және қолжетімді тұрғын үй көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

2020 жылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы, 2023 жылдан бастап 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы, сондай-ақ кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күрделі жөндеу тәртібі шеңберінде көппәтерлі тұрғын үйлердің (КТҮ) ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізілуде.

Мәселен, республикалық бюджеттен 1 018 үйді жөндеуге 45,6 млрд теңге бөлінді. Жалпы 2020 жылдан бері 2 055 КТҮ жөнделді. 2023 жылы 73 үй жөнделіп, оған 2,4 млрд теңге жұмсалды, ал 2024 жылы 233 үй жөнделіп, 13,7 млрд теңге игерілді. 2025 жылға жергілікті атқарушы органдар 363 КТҮ-ге, оның ішінде 248 лифтіні ауыстыруға өтінім берді.

Моноқалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық жерлерде баспанамен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Бұл мақсатта «Отау», «Асыл мекен» және «Наурыз» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2024 жылы пилоттық режимде іске қосылған «Асыл мекен» бағдарламасы ауыл тұрғындарына дайын үй сатып алуға немесе жеңілдетілген шарттармен жаңа үй салуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл бастамалар аясында екіншілік нарықтан тұрғын үй сатып алуға да рұқсат етіледі. Бұл, әсіресе, жаңа құрылыс көлемі шектеулі өңірлер үшін өзекті.

Қала құрылысы жоспарлаудың сапасын арттыру және заманауи тұрғын орта қалыптастыру мақсатында Министрлік «Қалаларды кешенді салу стандарты» атты әдістемелік құжат әзірледі. Онда тұрғын аудандарды жоспарлау, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жайлы қалалық орта қалыптастыру бойынша бірыңғай тәсілдер енгізу көзделген.

Осы шараларды кешенді іске асыру халықтың тұрғын үйге деген қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, құрылыс саласын дамытуға, жұмыспен қамтуды арттыруға және өңірлік инфрақұрылымды нығайтуға ықпал етеді.

Геология: жер қойнауын стратегиялық игеру

Қазақстан аумағын геологиялық зерттеу жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарланған. 2024 жылғы деректер бойынша бұл көрсеткіш 2 014,4 мың шаршы шақырымды құрап отыр.

2024 жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутектерді өндіруге жоғары әлеуеті бар 38 учаске анықталды. Өткен жылы аяқталған жобалар бойынша жалпы карталанған аумақ 104,4 мың шаршы шақырымды қамтыды. Бұл жұмыстарға 2024–2026 жылдарға арналған қаржыландыру көлемі – 22,8 млрд теңге, оның ішінде 2025 жылы – 7,6 млрд теңге, 2026 жылы – 7,8 млрд теңге қарастырылған.

2025 жылы 1:200 000 масштабы бойынша өңірлік жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда:

  • терең геологиялық карталау – 14 нысан,
  • геологиялық-минерагендік карталау – 7 нысан,
  • гидрогеологиялық қайта зерттеу – 19 нысан қамтылған.

Минералды-шикізат базасын дамыту жеке инвестициялар есебінен де белсенді түрде жүргізілуде. 2018–2024 жылдар аралығында қатты пайдалы қазбаларға геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 424 млрд теңге жеке инвестиция тартылды. Оның ішінде 2024 жылы – 99,1 млрд теңге, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 106 млрд теңгеге дейін өседі деп күтілуде.

Қолданыстағы ережелерге сәйкес, жеке тұлғалар жер қойнауын геологиялық зерттеуді үш жыл мерзімге жеңілдетілген лицензиямен жүргізе алады. Бұл лицензия мемлекетке бір реттік төлемді (50 АЕК мөлшеріндегі қол қою бонусы), жұмыстарға қойылатын минималды талаптарды, учаскеге айрықша құқық берілмеуін көздейді.

Рұқсат геологиялық түсіру, геофизикалық зерттеу, жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізуге беріледі.

Жүргізілген геологиялық ақпарат жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып саналады, бірақ есептілік Индустрия және құрылыс министрлігіне қарасты Геология комитетіне міндетті түрде тапсырылады. Ақпараттың құпиялылық мерзімі – 5 жыл.

2019-2024 жылдар аралығында жер қойнауын геологиялық зерттеуге 306 лицензия берілді, оның ішінде 2024 жылы 55 лицензия ресімделді.

Жалпы, геологиялық барлау саласындағы мемлекеттік және жекеменшік бастамалар Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді өсімі, өндіруші өнеркәсіптің дамуы мен елдің минералды-шикізаттық әлеуетінің кеңеюі үшін берік негіз қалыптастырып отыр.

Салада кадрлық қамтуды қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты бақылауда. Геолог мамандығын насихаттау белсенді түрде жүргізілуде. Осыған байланысты «Еңбек сіңірген геолог» ведомстволық наградасының мемлекеттік награда мәртебесіне көтерілгені – кәсіби мәртебенің артуының айқын дәлелі.

Жастарды геология саласына тарту мақсатында «Жас геолог» корпоративтік қоры жұмыс істейді. Қор жыл сайын өткізетін «Жас геолог» далалық олимпиадасы – болашақ геолог кадрларды дайындайтын маңызды алаңға айналды. Қор еліміздің барлық өңірлерімен тығыз жұмыс істеп, жас геологтар қозғалысын дамытуға және оларды республикалық, халықаралық сайыстарға қатысуға жұмылдырып отыр.

 Индустрияландыруға арналған кадр даярлау

 Технологиялық трансформация мен үдемелі индустрияландыру жағдайында жоғары технологиялық салалардың өсуіне ықпал ететін кадрларды даярлау – аса өзекті міндеттердің бірі. Осы мақсатта Қазақстанда кәсіптік білім беру мен құзыреттерді дамыту бойынша жаңа жүйе қалыптастырылуда.

2025 жылы елімізде 3D-басып шығару инженері, роботтандырылған бояу жүйелері операторы секілді сегіз жаңа кәсіп енгізілмек. Бұл мамандықтарды енгізудің пилоттық жобасы Алматы мен Қостанайда іске асырылады. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларының көмегімен 8 саладағы 336 мамандықты қамтитын 60 кәсіби стандарт әзірленуде. Бұл бағытта машина жасау саласына ерекше назар аударылуда.

Инженерлік-техникалық кадрлардың біліктілігін арттыру үшін шетелдік кәсіпорындарда тағылымдамадан өту бағдарламасы енгізілген, оның 50%-ы республикалық бюджеттен, ал қалған бөлігі кәсіпорындардың өз қаражатынан қаржыландырылады. Мұндай мүмкіндік шетелдік озық тәжірибені игеріп, оны Қазақстан жағдайына бейімдеуге жол ашады.

Аймақтарда мамандарды тарту және ұстап қалу үшін қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламалары әзірленуде. Мәселен, Отбасы банкінің корпоративтік бағдарламасы аясында соңғы екі жылда 122 кәсіпорын қызметкері тұрғын үй кілттерін алды. Бұл шаралар әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартып, өндіріс орындарының тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Химия өнеркәсібі саласында білікті кадр тапшылығын жою мақсатында нақты шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, Satbayev University, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚазҰТЗУ және Тараз химия-технологиялық колледжінде мемлекеттік білім беру гранттарының саны артты. Бұл гранттар химия саласына қажетті кадрларды даярлауға бағытталған.

Еліміздегі 536 колледжде «Kazphosphate», «KazAzot», «Talas Investment Company» секілді ірі өнеркәсіп орындарымен бірлескен дуальді білім беру бағдарламалары енгізілді. Бұл бағдарламалар аясында студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін жұмысқа орналастырылады.

Кейбір кәсіпорындар өздерінің есебінен кадр даярлауды қолға алған. Мысалы, «Talas Investment Company» 240 түлекті жұмысқа орналастырып, оның 150-ін толықтай өзі оқытқан. Сондай-ақ «Қазфосфат» базасында операторлар мен технологтарды даярлайтын оқу орталықтары құрылып жатыр.

«Болашақ» бағдарламасы және халықаралық әріптестік аясында автоматтандыру, химиялық қауіпсіздік және экологиялық мониторинг бағыттарында инженерлік кадрлар даярлау жұмысы жүріп жатыр. Бұл бастамалар химия өнеркәсібінің өсуі мен жаңғыруына қабілетті тұрақты кадрлық әлеует қалыптастыруды көздейді.

Сонымен қатар, геология саласына қызығушылық та артып келеді. Егер 2022 жылы 1 224 түлек бітірсе, 2024 жылы тау-кен ісі мен геология мамандығы бойынша 3 мыңнан астам маман оқуын тәмамдады. Олардың 98%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Сонымен бірге жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жобалары аясында 3 мың жұмыс орны ашылды.

Жер қойнауын зерттеу тұрақты және оң динамикамен жүзеге асуда. Жаңа перспективалы учаскелердің табылуы мемлекеттік геологиялық барлау жұмыстарына салынған инвестициялардың жоғары қайтарымын дәлелдейді. Нәтижесінде геологиялық карталар жаңартылып, нақтылай түседі, перспективалы кен орындары анықталады, инвестициялық тартымдылық артады, геологиялық барлау жұмыстары оңтайландырылып, тәуекелдер азаяды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу