Халықаралық фестиваль аясында жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынуда
14.06.2025, 18:00175Ержан Әбіш
Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында өткен көрме-жәрмеңке көпшіліктің үлкен қызығушылығын тудырды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен және шет мемлекеттерден келген меймандар көптеп қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Ең алдымен, біз Катонқарағайға осыншама көп мейманның келіп жатқанына өте қуаныштымыз. Біздің қонақүйімізде де шетелдік қонақтар тоқтап жатыр. Бұл – Катонқарағайдың қабылдай алатын іс-шаралар мен мерекелерінің ауқымы жылдан-жылға артып келе жатқанының айғағы. Соңғы екі-үш күн ішінде келген меймандар саны, меніңше, рекордтық көрсеткішке жеткен шығар, – дейді кәсіпкер, «Алтай қарай» отбасылық мануфактурасының өкілі Зарина Мастибаева.
Халықаралық фестиваль аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеге олардың отбасылық мануфактурасы да қатысқан. Қонақтар үшін арнайы сыйлық жиынтықтары дайындалып, көрмеде табиғи өнімдер ұсынылған.
– Біз өзіміздің отбасылық өнімдерімізді – табиғи балымызды, Алтай шөптерінен жасалған емдік шөптер мен суперфудтарды таныстырдық. Бұл – денсаулыққа пайдалы, экологиялық таза өнімдер. Қонақтар тарапынан үлкен қызығушылық болды, – деді ол.
Сондай-ақ көрмеге қатысқан жеке кәсіпкер, бал өнімін өндіруші Күлпариза Қасенова да фестивальдің берері мол екенін атап өтті.
– Біздің өнімімізге сұраныс жоғары. Себебі біз өндіріп отырған бал – табиғи әрі биік таулы өңірден жиналған өнім. Бұл жолы байқауға қатысып, «Шығыс Қазақстанның үздік омарташылары» деген арнайы сертификатқа ие болдық. Осындай іс-шаралар жиі өтіп тұрса дейміз, өйткені көп адам Катонқарағайдың қайда орналасқанын білмейді. Ал мұндай фестиваль арқылы өңірге келген мыңдаған қонақ біздің табиғатымызды да, өнімдерімізді де көріп-біліп жатыр, – дейді кәсіпкер.
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында өткен көрме-жәрмеңке Катонқарағайдың бай табиғаты мен мәдени әлеуетін паш етіп, аймақтың туристік тартымдылығын одан әрі арттырды.