KZ
Өскемен
+23°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
518.97 607.3 6.64

Өскеменде веложарыстар жалғасуда: 26 маусымда үш даңғылда көлік қозғалысы шектеледі

24.06.2025, 19:02 661 Гульжан Мусина

22-29 маусым аралығында ШҚО аумағында ірі ұлттық деңгейдегі велоспорт додасы өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскемен қаласында бір уақытта бірнеше ауқымды республикалық веложарыс өтіп жатыр. Олардың қатарында жасөспірімдер мен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы тас жолдағы велоспорттан ҚР ұлттық чемпионаты, Қазақстан Республикасының VI Жастар спорттық ойындары, паралимпиадалық спортшылар арасындағы VII Жазғы спартакиада, ардагерлер арасындағы (Masters категориясы) ҚР чемпионаты бар.

Бүгінгі күнге дейін 19 жарыс өткізілді. Оның ішінде ұлттық чемпионат пен жастар ойындарының жекелей және командалық жарыстары, сондай-ақ ардагерлер арасындағы шеңберлік жарыстар бар.

Ұйымдастырушылар 26 маусым күніне ерекше назар аударуды сұрайды. Бұл күні 184 спортшы қатысатын жеке уақытқа жарыс өтеді. Велошеру Сәтпаев, Есенберлин және Әл-Фараби даңғылдарымен өтеді. Әр спортшы бір минут интервалмен жеке-жеке жолға шығады. Жарыс 4 сағаттан аса уақытқа созылады деп күтілуде. Осыған байланысты аталған көшелерде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

– Біз шектеулердің қала тұрғындарының күнделікті өміріне әсер ететінін жақсы түсінеміз. Ұйымдастырушылар мен жергілікті атқарушы билік атынан уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Алайда бұл жарыстар өңір мен жалпы ел спортының дамуына елеулі үлес қосатынын түсіну маңызды.
Қалалықтардың қолдауы жарыстың сәтті өтуіне кепіл болады, – деді ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.

Аталған сайыстар үлкен маңызға ие. Жарыс қорытындысы бойынша халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталады. Олардың қатарында Азия чемпионатына қатысатын спортшылар да бар.

Роксана Глыбова

Видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу