ШҚО-да шомылу маусымы басталғалы 4 адам суға кетті
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде жаз мезгіліндегі су айдындарындағы қауіпсіздікке арналған жиналыс өтті. Онда қайғылы оқиғалардың алдын алу шаралары талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері шомылу маусымында облыс бойынша 4 адам суға кеткен, оның екеуі – кәмелетке толмағандар. Бұған қоса, 21 маусымда Марқакөлде суға батып бара жатқан баланы құтқаруға тырысқан тағы екі адамның мерт болуы ресми статистикаға енбеген. Бұл өлімдер суда болған жазатайым оқиға ретінде тіркелген. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы бүкіл шомылу маусымында дәл осындай – 4 адам суға кеткен болатын.
Айта кету керек, облыс аумағында жаппай демалысқа арналған 25 суға шомылу орны (жағажай) белгіленген. Алайда тиісті өтінімдердің болмауына байланысты оның 13-і әлі күнге дейін тексерілмеген.
Кеңес барысында қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған нақты ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, ауқымды ақпараттық науқан жүргізу, жағажайларды түгендеп, тексеру, шағын көлемді кемелерге бақылауды күшейту, рейдтік және профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу, судағы аттракциондарды пайдалануға қатысты заң талаптарының орындалуын тексеру секілді шаралар талқыланды.
Жақсылық Омар қала және аудан әкімдеріне қысқа мерзім ішінде су айдындарындағы қауіпсіздікті арттыру бойынша нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, ұзақмерзімді жоспарлар әзірлеуді де міндеттеді.
Фото: Махаббат Ахметжанова