KZ
Өскемен
+22°
пасмурно жел 4 м/с, З
518.97 607.3 6.64

Арнаулы мемлекеттік қор есебінен сумен жабдықтау жобасы жүзеге асуда - Шемонаиха

6.07.2025, 11:45 129 Ержан Әбіш

Шемонаиха ауданына қарасты Большая Речка ауылында су құбырларын тарту бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Жұмыстар 2023 жылы «ALPHA GRAPHICS» ЖШС әзірлеген жобалық-сметалық құжаттама негізінде жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны – 552,4 млн теңге, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жоба аясында ұзындығы 17,1 шақырымды құрайтын су құбыры желілерін тарту, жаңа (резервтік) су ұңғымасын бұрғылау, су тарту және су тарату нысандарын салу көзделген. Оның ішінде бірінші көтерілімдегі екі және екінші көтерілімдегі бір насос станциясы, сондай-ақ көлемі 75 м³ болатын екі таза су резервуарының құрылысы бар.

2024 жылдан бастап жобаны «Sem ARTA Stroy» ЖШС мердігер ұйымы жүзеге асырып жатыр. Өткен жылы облыстық бюджеттен 71 млн теңге бөлініп, толығымен игерілді. Ал биыл жобаға толық көлемде қаржы бөлінді: 200 млн теңге республикалық бюджеттен, 242,2 млн теңге арнаулы мемлекеттік қордан бағытталды.

Бүгінде жобалық 17,1 шақырымның 12 шақырымы төселіп, 86 құдықтың 46-сы орнатылды. Сонымен қатар су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары аяқталуға жақын, насос станцияларында жер қазу және іргетас құю жұмыстары басталды.

Құрылыс алаңында 26 маман және 6 арнайы техника: бір самосвал, екі экскаватор, екі манипулятор және бір тиегіш жұмыс істеуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарының нақты орындалуы 40%-ды құрайды. Нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың қазан айына жоспарланған.

Жобаны іске асыру нәтижесінде Большая Речка ауылындағы 355 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу