«Бауырына салу» фильмі Италиядағы кинофестивальде үздік деп танылды
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Асхат Кучинчерековтің фильмі халықаралық деңгейде жүлделер мен мойындаулар жинауды жалғастыруда – бұл жолы Еуропаны бағындырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық режиссер Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» фильмі Италияның Искья аралында жыл сайын өтетін беделді Ischia Film Festival кинофестивалінде үздік толықметражды фильм атанды.
Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Фестивальге қатысу және жеңіс қазақстандық кинематография сапасының артқанын және оның халықаралық сахнада сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Ischia Film Festival – бұл жай ғана кинофестиваль емес. Ол түсірілім орындарының көркемдік рөліне, визуалдық эстетика мен мәдени контекстке басымдық беретін ерекше философиясымен танымал. Фестиваль 2003 жылдан бері Оңтүстік Италиядағы Арагон қамалында өтеді.
«Бауырына салу» – әжесінің тәрбиесінде өскен баланың тағдыры туралы әсерлі оқиға. Әжесі қайтыс болғаннан кейін бала биологиялық ата-анасына оралып, өзі үшін мүлде жат отбасында бейімделуге мәжбүр болады. Жеке әрі мәдени тақырыпты қамтитын бұл фильм кез келген елдің көрерменіне түсінікті.
Фильм бұрын да көптеген марапатқа ие болған:
Asia Pacific Screen Awards – «Үздік жасөспірімдер фильмі»;
Baku International Film Festival – Гран-при;
Cinema Heritage Festival (Франция) – арнайы сыйлық;
Asia World Film Festival – «Үздік операторлық жұмыс» (Жанарбек Елеубек).
Сонымен қатар «Бауырына салу» фильмі «Оскар-2025» сыйлығында «Шет тілдегі үздік фильм» номинациясы бойынша Қазақстан атынан ресми үміткер ретінде ұсынылды.
Фильм халықаралық мойындалуға сенімді түрде жол салуда. Қазақстандық кино бүгінде мазмұны арқылы жаһандық мәдениет кеңістігінде өз орнын айқындап келеді.