Абай – 180: Өскемендегі этнопаркте мерекелік іс-шаралар өтеді
9 тамызда Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Өскемен қаласында ауқымды мерекелік шара өтеді. Оны Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы ұйымдастырмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мереке қаланың ең көркем орындарының бірі – Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы аумағында өтеді. Этносаябаққа келген тұрғындар мен қала қонақтарын ұлттық рухқа толы әсерлі бағдарлама күтіп тұр.
Бағдарлама аясында облыстық филармонияның өнерпаздары мерекелік концерт ұсынса, облыстық драма және опера театрлары ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған қойылымдар сахналайды. Бұдан бөлек, қонақтар этносаябақ аумағында орналасқан Абай үйіне саяхат жасап, дастарханнан дәм тата алады. Сонымен қатар мұнда қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен түрлі кәдесыйлар көрмесі де ұйымдастырылады.
Қазақтың төл өнерін ұлықтайтын ұлттық ойындар мен түрлі шеберлік-сағаттарына қонақтар белсенді қатыса алады. Ал тақырыпқа сай безендірілген киіз үйде «Абай мұрасы – ұлтымыздың рухани қазынасы» атты интерактивті әдебиеттер көрмесі қойылады. Бұл көрмеде ақынның шығармалары, абайтану саласындағы зерттеулер мен әлем тілдеріндегі аудармалар ұсынылады. Ерекше форматтағы шаралардың бірі – көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Луи Брайль қарпімен жазылған кітаптар көрмесі.
Мерекеге келген балалар да назардан тыс қалмайды. Олар үшін Абай тақырыбына байланысты танымдық-спорттық ойындар, қолөнерлік шеберлік сыныптары және иммерсивті серуендер ұйымдастырылады. Балалар өз қолымен бұйым жасап, ұлттық мұрамыздың тереңіне үңілуге мүмкіндік алады.
