Өскемендегі жаңа ЖЭО-ны Қазақстан Үкіметі өз күшімен салуы мүмкін
Фото: depositphotos.com
Қазақстан Үкіметі Өскемен, Семей және Көкшетау қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын (ЖЭО) ресейлік компанияның қатысуынсыз, өз күшімен салуы мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Склярдың айтуынша, ресейлік «Интер РАО» компаниясы аталған жобалар бойынша жеңілдетілген экспорттық қаржыландыруды қамтамасыз етуге міндеттенген. Алайда, бұл шарт орындалмағандықтан, Қазақстан тарапынан жобаларды өз бетінше жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ресей арасында үш ЖЭО салуға қатысты үкіметаралық келісім жасалып, «Интер РАО» бас мердігер ретінде таңдалған болатын. Бірақ кейін ресейлік тараптың қаржыландыру бойынша шешімді кешіктіруіне байланысты Қазақстан уақыт жоғалтпай, жобаларды тәуелсіз түрде іске асыруға кірісті.
Қазір «Самұрық-Энерго» ұлттық холдингі Көкшетау ЖЭО-сының құрылысын бастаған. Бұл компания Семей мен Өскемендегі станциялардың да тапсырыс берушісі болады. Егер алдағы уақытта ресейлік банктер жеңілдетілген несие ұсынатын болса, «Самұрық-Энерго» оларды жобаларға серіктес ретінде тартуды қарастыруы мүмкін.
Жаңа ЖЭО-лар еліміздегі жылу энергиясы тапшылығы мәселесін шешіп, өңірлердің дамуына қосымша серпін беруге тиіс. Алдын ала жобаларға сәйкес Көкшетау ЖЭО – 240 МВт, Өскемен ЖЭО шамамен 360 МВт қуат береді.
Бұл Өскеменнің энергетикалық инфрақұрылымын айтарлықтай күшейтіп, облыс орталығы мен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын жылумен және электр қуатымен сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бұған дейін Үкімет тарапынан егер ресейлік қаржыландыру мүмкін болмайтын болса, Қытай мен Оңтүстік Корея инвесторларының ұсыныстары қарастырылатыны хабарланған.
Дамир Омаров