KZ
Өскемен
-8°
туман жел 2 м/с, ОШ
522.19 606.42 6.47

Келесі жылдан бастап мотор майлары цифрлық бақылауға алынады

depositphotos.com

3.08.2025, 13:00 205 Ержан Әбіш

2026 жылдан бастап Қазақстанда мотор майларын міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап Altainews.kz тілшісі хабарлайды.

Фальсификатпен күрес жаңа деңгейге шықпақ. Бұл бастама нарықтың ашықтығын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және көлеңкелі айналымды азайтуға бағытталған. Сарапшылардың бағалауынша, көлеңкелі айналым жалпы көлемнің 50 пайызға дейінін құрайды.

Цифрлық таңбалау жанар-жағармай-энергетика кешенінің (ЖЭК) цифрлық трансформациясының кешенді бағдарламасына енбек. Жаңа тәсіл әрбір канистраға өнімнің зауыттан сөреге дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік беретін бірегей Data Matrix кодын міндетті түрде енгізуді көздейді.

«Цифрлық таңбалау – бұл тұтынушыны қорғаумен қатар, мұнай өнімдері нарығында адал, бәсекеге қабілетті әрі қауіпсіз жүйе қалыптастыруға жасалған маңызды қадам. Цифрландыру дәстүрлі бақылау әдістерімен тиімді шешуге келмейтін мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Қазір нарықта түрлі қорғаныс түрлері қолданылады: голограммалар, көпқабатты қақпақтар, QR-кодтар. Алайда көзбен ажырату барған сайын қиындай түсуде. Бұдан бөлек, түпнұсқа канистралар жалған май құйып, қайта пайдаланылады. Бұл жағдай көлік жүргізушілер үшін тікелей қауіп төндіреді. Сапасыз май қозғалтқыштың істен шығуына және үлкен қаржылық шығынға әкелуі мүмкін. Одан қалды, жол-көлік оқиғаларына себеп болуы да ықтимал.

Naqty Onim мобильдік қосымшасы тұтынушы қолындағы негізгі құралға айналады. Кодты сканерлеу арқылы пайдаланушы өнім туралы – оның құрамы, тұтқырлығы, көлемі және сәйкестік декларациясының бар-жоғы жайлы ақпарат ала алады.

Баршаға пайдасы:

  • тұтынушы үшін – жалған өнімнен қорғану және сапаға кепілдік;

  • бизнес үшін – брендті қорғау және әділ бәсекелестікке жол ашу;

  • мемлекет үшін – сауда-саттықтың елеулі бөлігін көлеңкеден шығару және салық тәртібін күшейту.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі таңбалау мен қадағалау үдерістері Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің ақпараттық жүйелерімен біріктірілетінін мәлімдеді. Бұл одақ аясында бірыңғай цифрлық кеңістік пен толық бақылауды қамтамасыз етеді.

ЖЭК-тің цифрландырылуы – стратегиялық бағыт. Мотор майларын таңбалаудан бөлек, Энергетика министрлігі мұнай-газ және энергетика секторларында зияткерлік мониторинг, цифрлық платформалар мен бақылау жүйелерін дамыту жобаларын іске асыруда. Бұл басқару сапасын жаңа деңгейге көтеріп, нарыққа тұтынушы, инвестор және реттеуші тарапынан сенімділікті арттыруға жол ашады.

Осылайша, 2026 жылдан бастап мотор майлары нарығындағы сапа мен ашықтықты қамтамасыз ететін бақылау механизміне цифрлық таңбалау ажырамас бөлікке айналмақ. Бұл – елдің отын нарығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында қолға алынған технологиялық жаңашылдық.

Дамир Омаров

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу