Шығыс Қазақстанда баспана салу ісі жүйелі түрде жалғасуда
Фото: Жібек Нұрахмет
Өңірлік саясаттың басты бағыттарының бірі – тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту болып қалуда, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Басты орында – тұрғын үй құрылысы
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша негізгі нәтижелер мен алдағы жоспарлар жария етілді.
ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың айтуынша, 2025 жылға облыс бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 380 мың шаршы метрді құрайды. Бұл өткен жылғы деңгейдің 94,7 пайызына сәйкес келеді. Оның ішінде 256 мың шаршы метрі (67%) – көпқабатты үйлерге, ал 124 мың шаршы метрі (33%) – жеке тұрғын үй құрылысына тиесілі. Бұл көлемнің басым бөлігі – 285 мың шаршы метр (жалпы көлемнің 75%) Өскемен қаласына тиесілі.
2025 жылдың бірінші жартысында 146 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Қалған 234 мың шаршы метрді екінші жартыжылдықта тапсыру жоспарланған.
Қазіргі таңда ШҚО-да тағы 863 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 739 мың шаршы метрі – көпқабатты үйлер, 124 мың шаршы метрі – жеке тұрғын үйлер.
Құрылыстың қаржыландыру көздерінің құрылымы да назар аударарлық: 153 мың шаршы метр – бюджет қаражаты есебінен, 710 мың шаршы метр – жекеменшік сектор есебінен. Демек, тұрғын үймен қамтамасыз ету жүгінің негізгі бөлігі жеке құрылыс салушылардың мойнында, алайда мемлекеттік бағдарламалар да қолжетімді тұрғын үй сегментінде айтарлықтай рөл атқаруды жалғастыруда.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғын үйге деген сұраныстың артуы және қалалық ортаны жақсарту міндеттері аясында құрылыс қарқыны мен сапасын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Несиелік тұрғын үй
Несиелік тұрғын үйге келсек, 2022 жылдан бастап өңірде жалпы ауданы 111,6 мың шаршы метр болатын 11 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – 966 пәтер. Биыл оның ішінде 98,1 мың шаршы метр болатын 9 үйді пайдалануға беру жоспарланған. Алайда, Руфат Акрамовтың айтуынша, барлық нысандардың құрылысын аяқтау үшін облыстық бюджеттен қосымша 3,8 миллиард теңге қажет.
Қазіргі жобалармен қатар, 2025 жылы Өскемен қаласында жалпы ауданы 59 мың шаршы метр болатын тағы 9 үйдің құрылысын бастау көзделуде. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін 27,8 миллиард теңге қажет болады.
Басты міндеттердің бірі – Зайсан ауданында 30 пәтерді сатып алу. Жалпы ауданы 3 мың шаршы метр болатын бұл тұрғын үйлер кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Руфат Акрамовтың айтуынша, құрылыс қарқыны тұрақты, алайда жобаларды одан әрі ілгерілету үшін жүйелі бюджет саясаты және міндеттемелердің орындалуына қатаң бақылау қажет.
«Бірқабатты Шығыс»
Жалдамалы тұрғын үйлерді сатып алуға қатысты Руфат Акрамов өңір бойынша 539 отбасын жалпы ауданы 40 мың шаршы метр болатын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл үйлердің 229-ы көпбалалы отбасыларға, 310-ы әлеуметтік осал топтарға берілмек.
Жобаны қаржыландыру бірнеше көзден жүзеге асады: 2,7 миллиард теңге – республикалық бюджеттен, 6,1 миллиард теңге – мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы, 0,5 миллиард теңге – облыстық бюджеттен.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңге қосымша қаржы қарастырылған. Оның жартысы – «Бірқабатты Шығыс» жобасы аясында үйлер салуға, қалған жартысы – көпқабатты үйлердегі пәтерлерді сатып алуға бағытталмақ.
Баспаналар Өскемен қаласы, Зайсан, Глубокое, Самар аудандарында сатып алынады: 189 пәтер – көпқабатты үйлерден; Риддер қаласы мен ШҚО-ның 11 ауданында – «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған 350 жеке үйден.
Алайда, Руфат Акрамовтың айтуынша, бағдарламаны іске асыру барысында бірқатар қиындықтар туындаған. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша жоспарланған 350 үйдің 304-інің ғана құрылысы басталған. Қалған 46 үй бойынша құрылыс жұмыстары басталмаған. Артта қалушылық мына аудандарда байқалады: Алтай – 4 үй, Ұлан – 38 үй, Үлкен Нарын – 4 үй.
2025 жылдың алғашқы жартысында бағдарлама аясында жалпы ауданы 800 шаршы метр болатын 11 пәтер пайдалануға берілді. Бұл үйлер республикалық бюджет есебінен Зайсан (6 пәтер) және Күршім (5 пәтер) аудандарында сатып алынды. Глубокое ауданында тағы 6 пәтердің (жалпы ауданы – 500 шаршы метр) құрылысы аяқталуға жақын – олар жақын арада пайдалануға берілмек.
Өңір басшысы бірқатар аудандардағы құрылыс жұмыстарының артта қалуына алаңдаушылық білдіріп, жобалардың орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Ол әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, құрылыс мерзімінің аса маңызды екенін атап өтті.
Дамир Омаров