Өскеменде «Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» көрмесі өтеді
19 тамызда Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» атты бірегей көрме өз жұмысын бастайды. Көрме Қожа Ахмет Ясауи ілімінің ғасырлар бойы адамзат жүрегіне рухани жарық сыйлап, ақиқат жолына жетелеген мәңгілік шамшырақ екенін паш етеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көрермендер Ясауидің «Диуани хикмет», «Миратул-қулуб», «Пақырнама», «Рисала-и дар адаби тариқат» сынды еңбектерін, сондай-ақ оның шәкірттері мен Ясауи ілімінің көрнекті өкілдерінің сирек қолжазбаларын тамашалай алады. Сонымен қатар сол дәуірге тиесілі құнды жәдігерлер де ұсынылады.
Тарихи деректер мен поэтикалық бейнелерді ұштастырған көрме Ясауи нұрының тек көркем теңеу емес, ұрпақ жүрегінде ғасырлар бойы өшпеген шынайы жарық екенін айғақтайды.
Көрме (Өскемен қ., Қ. Қайсенов көшесі, 40) 13 қыркүйекке дейін жалғасады.
Ұйымдастырушылар – ШҚО тарихи-өлкетану музей мен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы.