Қазақстанда 20 млн тоннаға жуық астық бастырылды
Фото: gov.kz
Елімізде егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың болжамды жинау алаңы 16 млн гектардан асады. Бүгінгі таңда 12,7 млн гектар немесе жалпы егіс алқаптарының 79,3 пайызы жиналып, нәтижесінде 19,8 млн тонна астық бастырылды.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1,3 млн тонна майлы дақыл, гектарына 229,2 центнер өнімділікпен 2,4 млн тонна картоп және гектарына 303,1 центнер өнімділікпен 3,2 млн тонна көкөніс жинады.
Атап айтқанда, 324 ц/га өнімділікпен 427,5 мың тонна қырыққабат, 429 ц/га өнімділікпен 897,4 мың тонна пияз, сондай-ақ 286,8 ц/га өнімділікпен 328,5 мың тонна сәбіз бастырылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде және агротехникалық талаптарға сай мерзімде жүргізілуде.