Физикаға ғашық еткен ауыл мұғалімі
Қырық жыл бойы жас ұрпаққа білім берген тарбағатайлық ұстаз Ғибат Мамырбекованың ең үлкен сыйы – шәкірттерінің жүрегінде қалуы. Бір әулеттен бірнеше ғылым кандидаты, ғалым шыққан мысалдар – ұстаз еңбегінің жарқын дәлелі. Мұғалімдер мерекесіне орай республикаға жаңашылдығымен танылған ардақты ұстазбен жолығып, физика секілді күрделі пәнді балаларға қалай сүйікті ете білгені жөнінде әңгімелестік. Ауыл мұғалімінің тәжірибесі – бүгінгі ұстаздарға өнеге, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сабақ үлгерімі нашар деген оқушылардың өздері де физика пәнін қызығушылықпен оқитын деп еске алады ауылдастары. Өйткені Ғибат Мамырбекова пәнді тек тақтадағы формулалармен емес, өмірдің өзімен ұштастыра түсіндіретін. Сабақта айтылған әрбір теория ауыл тіршілігімен, егістікте жүрген техникамен, өндірістегі нақты мысалдармен дәлелденетін. Сондықтан да шәкірттері үшін «Ғибат апайдың физикасы» сүйікті пән болды.
Ғибат Мамырбекова 1974 жылы Алматыдағы мемлекеттік қыздар институтының физика факультетін тәмамдаған соң, өзі туып-өскен Тарбағатай ауданының Киров ауылына (қазіргі Жаңалық) оралып, Н. К. Крупская атындағы орта мектепте физикадан сабақ береді. Мектеп оқушыларының жаңадан келген ұстаздарға қарап, сөйлеген сөзіне, киген киіміне, жүріс-тұрысына еліктеуі заңдылық қой. Ғибат апайдың шәкірттері де көшеде кетіп бара жатқанын терезеден көріп қалса, далаға жүгіріп шығып, мұғалімдерін қаумалап, емін-еркін сырласып, ойларын ашық айтуға үйренді.
Ғибат апайдың ұстаз ретіндегі басты мақсаты – балаларды пәнге қызықтырып қана қоймай, оларды болашақ мамандыққа бағдарлау еді. Оның тәжірибесінде ауыл шаруашылығына да, техникалық ғылымдарға да бағыттаған сабақ үлгілері көп болды.
Мәселен, трактордың қуатын есептеткенде ол жай есеп емес, ауылдағы нақты техниканың жұмысымен байланысты тапсырмаға айналатын. Немесе суды үнемдеп қолдану жайлы есепті тамшылатып суару жүйесінің тиімділігімен салыстыратын. Оқушы есеп шығарып қана қоймай, оның күнделікті тұрмысқа, өндірістік салаға қалай қажет болатынын түсінетін.
Ұстаз оқу үлгерімі нашар болса да, техникаға бейімі жақсы оқушыларының қарым-қабілетін қолдап, жол көрсетіп, бағыт-бағдар беретін жан еді.
Ғибат Мамырбекова сабақ берген бір сыныптан он тоғыз оқушы жүргізуші мамандығын таңдағаны тағы бар. Қазірде шәкірттерінің арасынан техника ғылымдарының кандидаттары, ғалымдар, түрлі саладағы үздік мамандар шықты.
«Шәкірттерді ауылшаруашылығы мамандығына баулу» атты ғылыми еңбегі облыстық педагогикалық оқуда бірінші орын алса, Шымкентте өткен республикалық педагогикалық оқуда жүлделі үшінші орынға ие болды. Тәжірибесі бүкіл республикаға таратылды. Ардагер ұстаздың ізденімпаздығын, жаңашылдығын облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институты да басшылыққа алып, штаттан тыс лектор ретінде баяндамалар оқуға, семинарлар өткізуге шақырады. Бұдан бөлек «Физика сабақтарында жаңа технологияны пайдалану жолдары», «Оқушылардың физика сабағына қызығушылығын арттыру» атты еңбектері жеке кітапша болып басылып шықты. 2007 жылы «Зерттеуші ұстаз» жүлдесін жеңіп алды. 2009 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де мектеп басшылығы екі мәрте қайта шақырып, ұстаздық жолын жалғастырады. Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі енген кезде мектеп бітіруші оқушылардың басым бөлігі физика пәнін таңдайды.
«Жай мұғалім – хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім – шабыттандырады» демекші, ұстаздан физикадан дәріс алған, бір отбасынан шыққан апалы-сіңлілі Жұмашевалардың үшеуі де ғылым жолын қуып, бүгінде Сәуле Жұмашева – экономика ғылымдарының кандидаты, Гүлсім Жұмашева – медицина ғылымдарының PhD докторы, Жадыра Жұмашева – техника ғылымдарының кандидаты атанды. Тағы бір шәкірті Жанар Жұмағалиева да техника ғылымдарының кандидаты.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген» деген сөз дәл Ғибат Мамырбековаға айтылғандай. Елу жыл бірге отасқан жары Сәкен Нұрмұханбетовпен үш бала тәрбиелеп өсірген. Жолдасы еңбек жолын ветеринар болып бастап, Тарбағатай ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында үздік көрсеткіштерімен көш бастаған Н. К. Крупская атындағы совхоз директоры дәрежесіне дейін көтерілді. Ауылдастарына үлгі боларлық отбасын құрып отырған жандар. Үлкен ұлы – шаруа қожалық жетекшісі, екінші ұлы – әскери қызметкер, полковник, қыздары – Тараз қаласында жоғары оқу орнында оқытушы. Немерелері де ғылым жолында жүр. Отбасының әр табысы – ұстаздық еңбектің жалғасы іспеттес.
Мектептегі қызметінен қол үзгенімен, Ғибат апай ауылдың мәдени өміріне белсене араласады, әжелер ансамблінің мүшесі. «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында ардагер ұстаз Тарбағатай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін төсбелгімен марапатталды. Қазір Өскеменге қоныс аударған ұстаз қаланың да қоғамдық өмірінде белсенді. Ардагерлер көркемөнерпаздар байқауының жеңімпазы. Мектеп оқушыларымен кездесуде ұлттық салт-дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды насихаттап, жастардың өнегелі тәрбие алуына әлі де атсалысып келеді.
Ғибат Мамырбекованың ең үлкен марапаты – шәкірттерінің ықыласы. Көп жылдық қызметінде салалық грамоталармен марапатталғаны болмаса, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі, «Еңбек ардагері» сияқты атақтарға ұсынылмағаны әділетсіздік дер едік. Білім саласының басшылары бұл олқылықтың орнын толтырар деп үміттенеміз. Ал ұстаздың өзі: «Мен үшін ең қымбат марапат – оқушының жүрегінде қалу» – деп есептейді.

