Ұлттық кино орталығы ТҮРКСОЙ елдерімен ынтымақтастықты кеңейтті
Ақтауда өтіп жатқан түркі әлемінің халықаралық «Қорқыт ата» кинофестивалі аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің кинематография ұйымдарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келісімдер ТҮРКСОЙ аясында түркі халықтарының ортақ мәдени құндылықтарын дәріптеуге және кино арқылы рухани бірлікті нығайтуға бағытталған.
Меморандумдар шеңберінде тараптар бірлескен фильмдер түсіруді, шеберлік сабақтарын өткізуді, тәжірибе және мамандармен алмасуды жоспарлап отыр.
Айта кетсек, бұған дейін Ұлттық кино орталығы Франция және Грузияның ұлттық киноорталықтарымен келісім жасаған. Сондай-ақ Таиландпен бірге «Теңіз итбалықтарының ертегісі» атты деректі фильм түсірілуде.