Ұлттық өнердің ізімен: Самарға жасалған ғылыми экспедиция
Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы Самар ауданына бес күндік ғылыми экспедиция жүргізді. 11 ауылдық округті аралап, музей қорын құнды жәдігерлермен толықтырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Самар ауданына арнайы сапарлаған зерттеушілер Көкжыра, Сарыбел, Палатцы, Аққала, Жаңа жол, Бастаушы, Құлынжон, Миралюбовка, Мариногорка, Новостройка ауылдық округтерінде болып, ұрпақтар арасында сабақтастық тапқан қолөнер туындыларының түрлерін жинап, авторларымен танысты. Ауданда тұратын өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті туралы тың ақпараттар жинақтады.
Халқы салиқалы, қолы берекелі Самардың ақжаулықты аналарының әр туындысынан ұлттық өнердің, дәстүр мен ғұрыптың иісі аңқиды.
Ал Миралюбовка ауылында тұратын Е. Вальтер есімді зейнеткердің қолөнерге деген ықыласы ерекше екен. Ол мата қиындысынан құрақ құрап, фоамираннан гүлдер жасап, айқас кестемен айналысады. Әңгіме барысында:
Аққала ауылында Уәзира Қабай есімді тұрғынның 1990 жылдары жасаған тұскиізі мен Надежда Жимуринаның қолдан тоқылған бұйымдары музей қорына қабылданды. Надежда Жимурина мектепте ұстаздық еткен. Зейнетке шыққан соң майлықтар мен жұмсақ ойыншықтар тоқумен әуестенеді.
Экспедиция мүшелері сапар барысында «әттеген-ай» деген сәттер болғанын да айтты. «Мұражай сөрелеріне қоюға болар» деп білмеген кей азаматтар көне дүниелерді керек етпей, өртеп жіберген. Мамандар өңір тұрғындарына мұндай экспедициялардың кейін де өтетінін айтып, құнды жәдігерлерді сақтауға өтініштерін жеткізді.



