Димаш Құдайберген Американың бас сахнасында концерт өткізді
Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасы Димаш Құдайбергеннің концертін аншлагпен қарсы алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. Orda.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Димаш батыс әлемінің бас сахнасында жеке концерт өткізген алғашқы қазақстандық әнші. 5 қазанда өткен концерт оның «Stranger» атты әлемдік турының бастамасы.
– Бұл тек менің жеке жетістігім емес, Еуразия мәдениеті үшін де маңызды белес. Біз әлемнің арғы бетінде мәдениет елшісі ретінде өнер көрсетіп жатырмыз, – деді Димаш концерт алдындағы сұхбатында.
Бағдарламада оның ең танымал шығармалары орындалды. Әнші көрермендерді тек вокалдық шеберлігімен емес, жаңа музыкалық үнмен де таңғалдыруға тырысқанын атап өтті. Stranger композициясында қазақ қобызы мен виолончель үні қосылған Хаузердің партиясы қолданылды.
– Алты жылдан кейін көрерменге жаңа әсер сыйлағым келеді. Дегенмен осы әндерде сағыныш сазы да бар – ол менімен бірге барлық сахнаға ілесіп жүреді, – деді әнші.
Madison Square Garden – әлемдегі ең беделді сахналардың бірі. Онда Майкл Джексон, Элвис Пресли, Бейонсе, Андреа Бочелли және Битлз сынды аңыз тұлғалар өнер көрсеткен.