«Шығыс шақырады»: жаңа өмірге бағытталған мүмкіндік
Ел ішінде еңбек күші теңгерімін қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының маңызды бөлігі. Осы мақсатта Шығыс Қазақстан облысы өңірлік «Шығыс шақырады» жобасын жүйелі түрде іске асыруда. Бағдарлама нәтижесінде өңірге қоныс аударушылар саны артып, көші-қон квотасын 153 адамға ұлғайту туралы ұсыныс ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шымкент қаласы мен Түркістан облысында «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысының бастамасымен кең ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға облыстың қала және аудан әкімдері, мансап орталықтары, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының өкілдері, сондай-ақ ірі жұмыс берушілер қатысты. Негізгі мақсат – оңтүстік өңірлердегі азаматтарға солтүстік және шығыс аймақтарда еңбек етуге және тұрақты өмір сүруге мүмкіндік беру.
Жәрмеңкеде 1000-нан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Қоныс аударушыларға арналған әлеуметтік қолдау тетіктері, тұрғын үймен қамтамасыз ету, субсидиялар мен көшуге берілетін қаржылай көмек туралы толық ақпарат берілді.
Шара барысында өңірлік «Шығыс шақырады» жобасы таныстырылды. Бұл бастама – Шығыс Қазақстанның еңбек нарығын жаңа кадрлармен толықтыруды және ел ішіндегі жұмыс күшінің теңгерімін арттыруды көздейді.
2025 жылдың 1 қазанына дейін облысқа 90 қандас (33 отбасы) және 372 қоныс аударушы (105 отбасы) қабылданған. Бағдарлама нәтижесінде өңірге қоныс аударушылар саны артып, көші-қон квотасын 153 адамға ұлғайту туралы ұсыныс ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданды.
«Шығыс шақырады» – бұл жаңа өмірдің бастауы, тұрақты еңбек пен болашағы бар өңірде өз орнын табуға мүмкіндік.





