Зайсан ауданында жер асты сулары көтерілді – ШҚО
Зайсан ауданы, Сарытерек ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылында жер асты сулары көтерілді. Сазды топырақтың табиғи ерекшелігіне байланысты ылғалдылық артып, кейбір тұрғын үйлердің аула маңында су бетке шыға бастаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауылдағы бұл табиғи құбылыстың салдарын азайту мақсатында аудан әкімдігі артық ылғалды сыртқа бұрып, су деңгейін төмендету жұмыстарына кірісті. Қазіргі уақытта ауыл шетінде сор тоғам қазу жұмыстары жүргізілуде. Бұл іске арнайы техника тартылып, су ағу арналары ретке келтірілуде.
Жұмыс барысымен танысу үшін аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы мен аудандық мәслихат төрағасы Еркебұлан Зағыпаров Шалқар ауылына барып, қазу жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандармен кездесті. Олар жағдайды егжей-тегжейлі зерделеп, атқарылып жатқан шаралардың сапасы мен тиімділігін тексерді.
Аудан басшысы тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасына әсер ететін мұндай мәселелердің алдын алу жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
Қазіргі таңда жағдай аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында. Жергілікті билік тұрғындардың қауіпсіздігін және ауылдың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.
Видео, фото: Зайсан ауданы әкімдігі


