KZ
Өскемен
-27°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
510.95 594.49 6.5

ШҚО: жыл басынан скрининг барысында 64 сүт безі обыры анықталды

depositphotos.com

7.10.2025, 15:30 227 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан «Қызғылт қазан» айлығына қосылды. Дәстүрлі акцияның мақсаты – сүт безі қатерлі ісігі туралы кеңінен ақпарат тарата отырып, әйелдер арасында ерте диагностиканың және аурудың алдын алудың маңыздылығын насихаттау, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Шығыс Қазақстан көпсалалы онкология және хирургия орталығының деректері бойынша, 2025 жылдың 9 айында облыста сүт безі обырының 224 жаңа жағдайы тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде 214 жағдай анықталған. Диагноздардың көбі скринингтік тексерулер барысында қойылып отыр.

Профилактикалық тексерулер нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 айында сүт безі қатерлі ісігінің 64 жағдайы (0,17%) анықталды.

Оның ішінде I сатыда – 39 жағдай (52,7%), II сатыда – 25 жағдай (47,3%).

«Қызғылт қазан» айлығы аясында 2025 жылғы 18 қазанда Шығыс Қазақстан көпсалалы онкология және хирургия орталығында, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында Ашық есік күні өтеді. Әйелдер маммологтың қабылдауынан тегін өтіп, маммография жасатып, мамандардың кеңесін ала алады.

Орталық директоры Гүлмира Сағидуллина әйелдердің скринингтік бағдарламаларға қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті:

– Скрининг ауруды емдеудің ең тиімді кезеңі – ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Өзіңе қамқорлық жасаудың бастауы – профилактика. Сондықтан тексерілуді кейінге қалдырмай, уақытылы өтіп отыру қажет, – дейді ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры.

Айта кетейік, 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет тұрғылықты жері бойынша емханада тегін маммографиялық скринингтен өте алады.

Айлықтың символы – қызғылт лента – әйелдерді өз денсаулығына назар аударуға және ерте диагностиканы бір нәрсені естен шығармауға үндейді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу