KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 4 м/с, В
522.19 606.42 6.47

Өскеменде «AUYL SPORT – 2025» өңірлік турнирі салтанатты түрде ашылды

7.10.2025, 17:30 244

Бүгін Өскемен қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «AUYL SPORT – 2025» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының ауылдық елді мекендерінен келген балалар арасында өтетін өңірлік турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды додаға облыстың 11 ауданы мен қалаға қарасты ауылдық округтерінен 500-ден астам жас спортшы қатысып, алты спорт түрінен бақ сынамақ. Бокс, еркін күрес, баскетбол, волейбол, шахмат және үстел теннисінен өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі. 

«AUYL SPORT – 2025» турнирі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Шараның негізгі мақсаты – ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру, олардың бойында салауатты өмір салтын ұстануға деген ынтаны қалыптастыру және дарынды жасөспірімдерге кәсіби спортқа жол ашу. Бұл бастама ауылдық елді мекендердегі спорттық инфрақұрылымды жандандырып, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, сондай-ақ, өңірлік деңгейдегі жас таланттарды анықтауға мүмкіндік береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, қатысушылар мен көрермендерді құттықтады. Турнирдің маңыздылығына тоқталып, ауыл спортын қолдау арқылы болашақ чемпиондардың тәрбиеленетінін атап өтті. 

– Мұндай спорттық жарыстар шалғай ауылдардағы дарынды жастарды анықтап, олардың жан-жақты дамуына зор мүмкіндік береді. Болашақта бұл балалар ел намысын қорғайтын мықты спортшыларға айналарына сенімдіміз. Бұл – еліміздің келешегі үшін жасалған маңызды қадам, – деді Ербол Нұрғалиев.

AUYLSPORT жобасы – ауыл балаларына кәсіби түрде спортпен айналысуға мүмкіндік беретін бірегей бастама. Жобаны Тимур Құлыбаевтың бастамасымен Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асыруда. 2024 жылы іске қосылған бұл жоба қысқа уақыт ішінде еліміздің барлық өңірлерінде үлкен қолдауға ие болды. Қазіргі таңда 10 мыңнан астам ауыл баласы жүйелі түрде спортпен айналысып жүр. 

AUYLSPORT жобасының жетекшісі, Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, бірегей жобаның алғашқы кезеңіне 200-ден аса ауылдан 10 мыңнан астам бала қатысқан. Былтыр турнир алты спорт түрінен өткізілсе, биыл кей өңірлерде үстел теннисі де қосылған. 

Жарыс 6–9 қазан күндері аралығында өтеді. Өңірлік кезең жеңімпаздары қараша айында Алматы қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама алады.

– Биыл республикалық кезеңге 1800-ге жуық бала қатысады деп жоспарлануда. Бұл жоба тек ауыл балаларына арналған, қала командалары қатыспайды. Республикалық кезеңге жолдама алған жеңімпаздарға жол ақысы, қонақ үй, үш мезгіл тамақ және өзге де шығындар толығымен қор есебінен өтеледі. Сонымен қатар, жоба аясында жаттықтырушылар, бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде, –деді AUYLSPORT жобасының жетекшісі, Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов. 

«AUYL SPORT – 2025» өңірлік турнирі – жас спортшылар үшін тек жарыс емес, үлкен арманға жол ашатын алаң. Мысалы, Катонқарағай ауданынан келген ұлдар волейбол командасының құрамында сегіз ойыншы бар екен.

 – Мен Катонқарағай ауылынан келдім. Бұл жарысқа үлкен дайындықпен келдік. Жүлделі орын аламыз деп сенемін. Бізді дайындаған жаттықтырушылар – Балтабаев Бауыржан Жұмаханович пен Ералықызы Еркежан», – дейді турнир қатысушысы Әлихан Есполатов. 

Ал Күршім ауданынан келген қыздар командасының ойыншысы Айару Бақытжан:

–Біз тоғыз қыз болып келдік. Командамыздың атауы – «Күршім». Бізді дайындаған жаттықтырушы – Құралай апай. Осы жарысқа бір-екі ай бойы дайындалдық. Мақсатымыз – жеңіс тұғырынан көріну, – дейді.

AUYL SPORT – 2025 турнирі – ауыл спортын жүйелі түрде қолдап, еліміздің болашағы саналатын жастарды қолдауға бағытталған іргелі бастама. Бұл жарыс тек спорттық сайыс емес, ауыл балаларының арманына жол ашатын мүмкіндік алаңы.



Арайлым Орсаринова 

Фото: Александр Шушеньков 

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу