ШҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған алты шетелдік елден шығарылды
Шығыс Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзған алты шетелдік азамат Қазақстан Республикасынан шығарылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, шара «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген. Көші-қон қызметкерлері шетелдік азаматтардың тұрғылықты жерлерін, тіркеу ережелерін сақтауын және қабылдаушы тұлғалардың тиісті хабарламаларының болуын тексерді.
1 қыркүйектен бері облыс аумағында көші-қон заңнамасын бұзудың 130-дан астам фактісі анықталған. Сот шешімімен алты шетелдік азамат елден шығарылып, оларға Қазақстан аумағына бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.
Тексеру барысында полиция бұл азаматтардың уәкілетті органдардың рұқсатынсыз құрылыс жұмыстарымен айналысқанын анықтаған.
ШҚО Полиция департаментінің көші-қон қызметі азаматтарға заң талаптарын сақтауға шақырады. Рұқсатсыз еңбек қызметімен айналысқан немесе ел аумағында заңсыз жүрген шетелдіктер, сондай-ақ оларды заңсыз қабылдаған тұлғалар мен ұйымдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

