Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі жұмыс сапарымен Шығыс өңіріне келмек
Фото: gov.kz
Бүгін Шығыс Қазақстан облысына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың жұмыс сапары жоспарланған. Сапар аясында министр өңірдің бірқатар жетекші агроөнеркәсіптік нысандарын аралап, жаңа өндірістік жобалармен танысып, ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездеспек, деп хабарлайды Altainews.kz.
Сапар аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының өңірде іске асырылу барысы зерделенбек, биылғы егін жинау науқанының нәтижелері бағаланып және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы жұмыстармен танысу көзделуде.
Министр жаңа ветеринариялық зертхананың ашылуына қатысып, сүт өнімдерін өндіретін «Эмиль» кәсіпорнында, сондай-ақ майлы дақылдарды жинау жұмыстарын жүзеге асырған «ВСХОС» шаруашылығында болады деп күтілуде. Бағдарламада сондай-ақ заманауи роботтандырылған жүйе енгізілген «Украинка» шаруа қожалығының және бекіре тұқымдас балық өсірумен, уылдырық пен балық етін өндірумен айналысатын «OstFish» кәсіпорнының жұмысымен танысу да қарастырылған.
Сапар соңында Айдарбек Сапаров облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, аграрлық саланы дамыту, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру, инновациялық технологияларды енгізу және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелерін талқылайды.
Министрдің бұл сапары Шығыс Қазақстан облысының аграрлық әлеуетін кешенді бағалап, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуға бағытталған нақты шараларды айқындауға мүмкіндік бермек.