Агроөнеркәсіптегі өзекті мәселелер: министр шығысқазақстандық шаруалармен кездесті
Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жергілікті шаруалармен жүздесті. Кездесуде агроөнеркәсіп саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары түсіндіріліп, өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ 2025 жылғы егін жинау науқанының аралық қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының жетекші салаларының бірі. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстаннан экспортталған ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 343 миллион АҚШ долларынан асты. Құбылмалы ауа райы мен нарықтық тұрақсыздыққа қарамастан, облыс ауыл шаруашылығының даму қарқыны бойынша көшбасшы өңірлер қатарында.
Айдарбек Сапаров өз сөзінде мемлекет тарапынан аграрлық секторда өнімділікті арттыру мен заманауи технологияларды енгізуге қажетті жағдай жасалынып жатқанын жеткізді. Министрдің мәліметінше, аграршылар жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайтын жеңілдетілген қаржы көздеріне қол жеткізген. 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінім қабылдау 1 қазанда басталған.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру және негізгі процестерді цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Министр «Кең дала – 1», «Кең дала – 2» бағдарламалары мен «Даму» қорының қаржылық құралдары туралы кеңінен баяндады.
Ашық диалог форматында бір жарым сағатқа созылған кездесуде шаруалар мал және егін шаруашылығын дамыту, суармалы жерлерді кеңейту, ет және сүт кластерлерін құру, субсидия алу тетіктері жөнінде сұрақтар қойды.
Көтерілген өзекті мәселелердің бірі – көктемгі егіс науқанына арналған қаражаттың кейде кеш түсуі. Министр бұл жағдайды болдырмау үшін қаржыландыру механизмін жетілдіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, субсидиялар өндіріс шығындарын толық өтемеуі тиіс екенін, оның бір бөлігін шаруалардың өздері де көтеруі керек екенін атап өтті.
Кездесуде ветеринарлық бақылауды күшейту және саланы реттейтін ережелерді жетілдіру мәселелері де қаралды. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, министрлік ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыру бағытында нақты шаралар қабылдауды көздеп отыр.
Кездесу қорытындысында фермерлер ұсынған бірқатар ұсыныстар министрлік деңгейінде қарауға қабылданды.
Аударған: Айгүл Базарова
Авторы: Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Евгений Щетников













