Жасанды интеллект: Қазақстанның Келешек мектептерінің оқу бағдарламасына енгізілді
depositphotos.com
Қазақстанның оқушылары жасанды зерденің қыры мен сырын зерделеуді бастады. Сынақ алаңы – «Келешек мектептері». Жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқушылар «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндері негізінде оқуда. Бұл жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіне жаңа технологиялық шешімдер мен Al енгізу туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы аталған шешімдер еліміздің бірнеше мектебінде, соның ішінде Астана қаласындағы №101 «Келешек мектебінде» пилоттық негізде қолданысқа енгізіліп жатқанын айтады . Мектепте жасанды интеллектпен жұмыс істеуге арналған заманауи цифрлық құралдар мен әдістер сынақтан өтуде. Кезең-кезеңімен Roqed AI, Aqyl, Google Workspace for Education және жасанды интеллект негізіндегі Kahoot сияқты платформалар қосылады. Бұл құралдар оқушылар мен мұғалімдер үшін сенімді көмекшіге айналуда. Олардың қолданылуы білім беруді көрнекі, интерактивті және әр оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.
Сабақтар оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, яғни, бастауыш сыныптарда түсіндіру ойын және көрнекілік әдістері арқылы жүргізілсе, жоғары сыныптарда оқушылар чат-боттар құру, деректерді талдау және этикалық жағдайларды шешу сияқты жобалық тапсырмаларды орындайды. Мұндай тәсіл сыни ойлауды, цифрлық сауаттылықты және технологияларға саналы көзқарасты дамытуға бағытталған.
Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізуде, әрине, этикалық және қауіпсіздік мәселелері басты назарда болмақ. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарттарын қамтитын нормативтік құжаттар әр мектепке жолданды. Этикалық кеңестің құрамы бекітілді. Ұлттық білім академиясы бұл бағытта мектептерге ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуді жалғастыруда.