KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 5 м/с, В
522.19 606.42 6.47

«Өскемен-1» вокзалы: Заманауи талаптарға сай жаңа архитектуралық шешімдер енгізілмек

9.10.2025, 13:00 172 Айна Бакимбаева
Облыс орталығындағы «Өскемен-1» вокзалы ауқымды қайта жаңғыртудан өтуде. Негізгі мақсат — жолаушылар үшін барынша қолайлы, қауіпсіз және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру. Қазіргі уақытта ғимараттың толық реконструкциясы жүргізіліп жатыр. Жоба жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Қазақстан темір жолдары» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайта құру жұмыстары аяқталған соң вокзалдың жалпы аумағы 700 шаршы метрден асады. Ең бастысы – бұл жерде әрбір жолаушы өзіне қолайлы әрі ыңғайлы жағдай табады. 
Жоба аясында:
• кең және жарық күту залдары қарастырылған, оның ішінде балалы жолаушыларға арналған арнайы бөлмелер мен ойын алаңдары болады;
• заманауи санитарлық тораптар орнатылады, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы санитарлық кабиналар;
• мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған күту бөлмесі, сондай-ақ «ана мен бала бөлмесі» жабдықталады;
• ұзақ уақыт күтетін жолаушыларға арналған жайлы бөлмелер қарастырылған;
• заманауи әрі кең фудкорт пен шағын маркетке арналған орындар да ашылады.
Мұның бәрі жолаушылардың әр санатына қолжетімді әрі ыңғайлы орта құруға бағытталған. Вокзал тек көлік қатынасының торабы емес, Өскеменнің заманауи келбетін айқындайтын қонақжай кеңістікке айналмақ.
Реконструкция аяқталған соң, «Өскемен-1» вокзалы – Шығыс өңірінің маңызды көлік нысандарының бірі ретінде жаңа сапада қызмет көрсете бастайды. Ол қала тұрғындары мен қонақтары үшін жай ғана вокзал емес, сапар алдындағы жайлы аялдама, заманауи сервис орталығы болмақ.
Естеріңізге сала кетейік, нысанның паспортына сәйкес, жобаның бас мердігері  - «УКУ Промтехмонтаж» ЖШС.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу