ШҚО әкімдігі: Облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Әр өтініш мұқият тыңдалып, тиісті басқармалар мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар берілді, деді Altainews.kz тілшісі облыстық әкімдік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қабылдауға келген өскемендіктердің бірі жатақхананы қала балансына өткізіп, өздері тұрып жатқан бөлмелерді жекешелендіріп беруді сұрады. Айтуларынша, бұл өз баспаналарын алу үшін қаражат жинауға мүмкіндік береді. Алайда бірнеше жалға алу келісімдерінің мерзімі аяқталып қойған. Осыған байланысты аймақ басшысы жауапты мекемелерге әлеуметтік тұрғыда осал азаматтардың жағдайын ескеріп, әділ әрі адамгершілік тұрғысынан шешім қабылдауды тапсырды.
Ата-анасынан айырылып, ауыр материалдық жағдайда қалған студент қыз да облыс әкіміне өтінішпен жүгінді. Енді ол «Стоматология» мамандығы бойынша грантта оқитын болады. Сонымен қатар студентке қажетті киім-кешек пен азық-түлік түрінде көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ қабылдауда қалқанша бездің сирек әрі агрессивті ісік түрімен ауыратын пациенттің өтініші қаралды. Оған елімізде тіркелмеген, қымбат дәрі-дәрмек қажет болуы мүмкін. Осыған байланысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасына препаратқа деген қажеттілікті есептеп, мәселені мәслихат қарауына енгізу тапсырылды.
Бұдан бөлек, инвесторлар өңірде туристік нысан салу жобасын ұсынды. Облыс әкімі ШҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына кәсіпкерге қажетті құжаттарды рәсімдеуге және инженерлік инфрақұрылым мәселесін зерделеуге жәрдемдесуді тапсырды. Егер жоба талаптарға сай болса, ол өңірлік қолдау механизмдері арқылы жүзеге асуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
Әкімдік мәліметінше, қабылдау барысында көтерілген барлық өтініш бақылауға алынды. Келісімшарттардың заңдылығы тексеріліп, тиісті мемлекеттік органдар мен мәслихатқа ұсыныстар дайындалуда. Берілген тапсырмалардың орындалуын облыс әкімі жеке бақылауына алды.






