KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 5 м/с, В
522.19 606.42 6.47

Мемлекет беделі – мінез әдебінен басталады

9.10.2025, 14:30 215 Айдос Мырзахметов

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік қызметшілердің әдебі жөнінде жиын өткізді. Басқосуға облыстық басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау» деген сөзін мысалға келтіріп, әрбір қызметкердің бойында мәдениет пен парасаттылықтың үйлесуі қажет екенін атап өтті. Әкімнің айтуынша, мемлекеттік қызметші тек өзінің ғана емес, бүкіл мемлекеттің абыройын арқалап жүреді. Сондықтан көпшілік алдында мінез-құлық пен сөйлеу мәдениетінде әдептілік пен ұстамдылықтың сақталуы – қызметтік беделдің басты өлшемі.

– Жұрт алдында әдепсіз қылық танытуға мүлде жол берілмеуі тиіс. Басқарма басшылары мен әкімдер қарапайымдылық пен сыпайылықтың, кәсібилік пен жауапкершіліктің үлгісі болуға міндетті. Әр ұжымда қызмет әдебі талаптарын түсіндіру мен сақтау жүйелі жүргізілуі қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жиында облыс әкімінің әдеп жөніндегі уәкілі Мира Беккужина да сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормаларын сақтау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, мұндай кездесулер тұрақты өткізіліп келеді және бұл – алдын алу мен түсіндіру шарасының маңызды бөлігі.

– Біздің кездесу мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормалары мен талаптарын сақтау мәселесіне арналды. Әр әкімдікте этика жөніндегі уәкілдер бар, олар барлық қызметкерлермен жұмыс жүргізіп, әдеп талаптарын ұдайы еске салып отырады. Әрине, кейде тәртіптік құқықбұзушылықтар да кездесіп қалады, мұндай жағдайлар Этика кеңесінде қаралып, тиісті шешімдер қабылданады. Бұл туралы жұртшылыққа да хабарланады, – деді Мира Беккужина.

Алдағы уақытта облыстағы мемлекеттік қызметшілер үшін арнайы семинар-тренингтер өткізу жоспарланып отыр. Онда қызмет әдебін сақтау, халықпен қарым-қатынаста ашықтық пен сыйластық мәдениетін қалыптастыру мәселелері жан-жақты қарастырылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу