ШҚО: фтизиопульмонология орталығының қызметкерлері жұмыспен қамтылуда
Шығыс Қазақстан облыстық фтизиопульмонология орталығының Ақжар ауылындағы мәжбүрлеп емдеу бөлімшесі өз жұмысын тоқтатты. Ал қызметкерлер 100% жұмыспен қамтылуда. Басым бөлігі жаңа еңбек ортасын нақтылап, таңдауын жасап та қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ақжардағы диспансердің бөлімшесі 2010 жылдың желтоқсанынан бері жұмыс істеген. Штатта екі дәрігер, он екі медбике, 22 санитар және 11 техникалық қызметкер болды.
Жыл сайын мәжбүрлі емдеуді қажет ететін адамдар санының тұрақты түрде азаюы, бұл бөлімшені ұстап тұру қажетсіздігін көрсетті. Шығыс Қазақстан облыстық фтизиопульмонология орталығының мәліметіне сүйенсек, Ақжар ауылындағы мәжбүрлі емдеу бөлімшесінде өткен жылдың қыркүйек айында сот шешімі бойынша 18 науқас ем қабылдаса, биыл төрт-ақ адам емделді. Яғни, 47 маман 4 адамның еміне қызмет етті.
Аудан әкімі мен Дархан Жөргекбаев және орталық жетекшісі Райфа Сафиоллинова қызметкерлермен кезекті рет кездесіп, аудандық білім бөлімі, орталық аурухана және оңалту орталығы тарапынан бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде бұрынғы диспансер мамандарының басым бөлігі аудандық ауруханаға, білім беру мекемелеріне және оңалту орталығына жұмысқа орналасуға келісім берді. Қазіргі таңда «Балауса» балабақшасы мен аудан әкімінің аппараты тарапынан ұсынылған бос орындар қалған қызметкерлер тарапынан таразылануда. Бұл ретте Дархан Жөргекбаев бөлімше қызметкерлері толық жұмысқа орналасқанға дейін аудан әкімінің жеке бақылауында болатынын басып айтты.
Фтизиопульмонологиялық орталықтың ғимараты аудандық аурухана балансына берілді. Оның негізінде политравмалық және 15 төсекке шақталған бөлімше ашылады.
Осылайша, Ақжардағы фтизиопульмонологиялық орталық жабылғанымен, ауданда жаңа бағыттағы бөлімше арқылы денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру көзделіп отыр.






