Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президентімен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен Душанбеде кездесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
– 12 қараша күні, яғни екі аптадан кейін Сіздің шақыруыңызбен Ресейге сапармен барамын. Біз бұған ерекше мән беріп отырмыз. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарға тың серпін береді деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресейді шын мәнінде мәңгі одақтастық, стратегиялық серіктестік және достық қарым-қатынастар байланыстырады. Көрсеткіштерге көңіл толады. Менің Ресейге жасайтын сапарымның алдында өзара сауда көлемі жоғары деңгейге жетті. Былтыр оның көлемі 28 миллиард долларды құрады. Ресей біздің экономикаға қаржы құйып отырған негізгі инвесторлардың бірі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде сондай-ақ, осы жылдар ішінде Ресей бизнесі Қазақстанға 26 миллиард доллардан астам инвестиция салғандығын ерекше атап өтті. Былтыр көрші елден 4 миллиард доллар инвестиция келген. Жалпы құны 22 миллиард долларға жуық 114 жобаның іске асырылғанын мысалға алсақ та жеткілікті екендігін атап өтті.
– Біз Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы байланыстардың сипаты ерекше. Бұған Сіз бен біздің достығымыз ғана ықпал етіп отырған жоқ. Өйткені Қазақстан мен Ресей посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге бастамашы болып келе жатқаны белгілі. Бізде тұрақты түрде назар аударатын екіжақты мәселелер жеткілікті. Өз тарапымнан Қазақстан-Ресей байланыстарын дамытуға қосқан үлесіңіз үшін Сізге алғыс айтамын. Екіжақты форматтағы осындай кездесулеріміз ынтымақтастығымызды дамыту үшін пайдалы болатынына сенімдімін, – деді өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин.
Видео: t.me/aqorda_resmi


