Қырандар мерекесі: «Шығыс Салбурыны – 2025» фестивалінде ұлттық спорттан үздіктер анықталды
Шығыс Қазақстан облысында дәстүрлі “Шығыс Салбурыны – 2025” халықаралық бүркітшілер фестивалі жоғары деңгейде өтті. Бұл ауқымды шара қазақ халқының аңшылық дәстүрін, атбегілік пен саятшылық өнерін ұлықтап, ұлттық рухты көтеруді мақсат етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Фестиваль барысында қыран құстардың сайысы ғана емес, ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар ұйымдастырылды.
Жамбы ату сайысында мергендер нысана көздеп, шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде Серікбол Октябрь қарсыластарынан озып, бірінші орынға ие болды.
“Жамбы ату – тек күш пен дәлдік емес, рух пен сабырдың сыналар сәті. Осындай ұлттық жарыстар арқылы ата дәстүрімізді жаңғыртып, жастарға үлгі көрсетеміз», — деді жеңімпаз Серікбол Октябрь жарыстан кейінгі сұхбатында.
Ал теңге ілу сайысында Ақжан Мерке шеберлігімен көзге түсіп, 1-ші орынды иеленді. Ат үстінде ептілік пен жылдамдық танытқан спортшыны көрермендер ыстық ықыласпен қолдады.
“Бұл доданың ең басты мақсаты – ұлттық ойындарды насихаттау. Ат спорты – халқымыздың ежелгі дәстүрі, оны сақтап, дамыту бәріміздің борышымыз”, — деді жеңімпаз Ақжан Мерке.
Фестиваль барысында көрермендер көк аспанда қалықтаған қыран бүркіттердің қимылына, шабандоздардың ептілігіне және ұлттық дәстүрді дәріптеген сахналық көріністерге тәнті болды.
«Шығыс Салбурыны – 2025» ұлттық рухты жаңғыртқан, қыран мен тұлпар, ерлік пен дәстүр тоғысқан ұлы мереке ретінде есте қалды.
Қуаныш Рахметоллаұлы
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жалғас Сақадиев






