KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 4 м/с, В
522.19 606.42 6.47

Шығыста баспана алу мүмкіндігі кеңейді: «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимиттер ұлғайтылды

13.10.2025, 16:00 149

Қазақстан Ұлттық Банкі «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасына өзгерістер енгізді. Енді өңірлерде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында да, бағдарлама аясында баспана сатып алуға болатын ең жоғары сома 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін артты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ұлттық Банк Басқармасының қаулысына сәйкес, Астана, Алматы және олардың қала маңы аймақтары, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкент қалалары үшін лимит 30 млн теңгеге дейін, Қарағанды қаласы үшін 25 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Ал басқа өңірлер, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы үшін бұл көрсеткіш енді 20 млн теңгені құрайды.

Сондай-ақ бағдарламаға қатысушыларға төлем қабілеттілігін растау мақсатында тең қарыз алушылармен қатар кепілгер тарту мүмкіндігі берілді. Бұл норма тұрғындарға ипотеканы рәсімдеуді жеңілдетіп, тұрғын үй қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Қалған шарттар өзгеріссіз қалады. Бағдарлама бойынша жылдық мөлшерлеме — 7%, бастапқы жарна — 20%, мерзім — 25 жылға дейін.

«7-20-25» бағдарламасы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2025 жылғы 2 қазанға дейін қазақстандықтар жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге 81,8 мың жеңілдетілген ипотекалық несие рәсімдеген.

Шығыс Қазақстанда бұл жаңалық әсіресе жас отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлер үшін қолайлы мүмкіндік болмақ. Себебі аймақта соңғы жылдары тұрғын үй бағасы, әсіресе екінші нарықтағы баспана құны біршама өсті.

Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Ұлттық Банкінің ресми сайтында танысуға болады.
Өзгерістер мен толықтырулар қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу