Қытай нарығында қазақстандық агроөнімдердің ауқымы кеңейеді
Шанхай қаласында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы төрағасының орынбасары Сунь Мэйцзюнь қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қытай нарығына шығуын жеделдету мәселесін талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Телеграмдағы ресми парақшасына сілтеме жасап.
Кездесу «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы азық-түлік өнімдері саласындағы ынтымақтастық шеңберінде өтті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстардың қазіргі жай-күйін талқылап, аграрлық саладағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Әсіресе, өнімді Қытай нарығына жеткізуге қатысты тәжірибелік мәселелерге – хаттамаларды келісу, сертификаттарды жаңарту және бақылау рәсімдерінің ашықтығына баса назар аударылды.
Айдарбек Сапаров Қытай тарапымен жүргізілген келіссөздердің серіктестік және сындарлы сипатта өткенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, 2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 28 пайызға өсіп, 992,3 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл өсім Алматыда 2025 жылдың мамыр айында қол қойылған инспекция және карантин саласындағы өзара іс-қимыл тетігін құру жөніндегі меморандум нәтижесінде мүмкін болды. Сондай-ақ, сол кезде уақытша жұмыс тобы тұрақты мәртебе алған еді.
Қысқа мерзім ішінде тараптар бірқатар жаңа хаттамаларға қол қойды: құс етіне, термиялық өңдеуден өткен қой етіне және қызылша сығындысына қатысты құжаттар бекітілді. Сонымен қатар, ірі қара мал терісіне және союға арналған мал өнімдеріне арналған ветеринарлық сертификаттар дайындалып, бекітілу сатысында тұр. Қос тарап инкубациялық жұмыртқа өндіретін қытай кәсіпорындарына инспекция жүргізу тәртібін және қазақстандық қызылша сығындысы шығаратын кәсіпорындарға бірлескен тексеріс өткізу тәсілдерін де келісті.
Қазақстан тарапы өнім түрлері мен экспорт географиясын кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Бұл бағытта ет өңдеу кәсіпорындарының инспекция қорытындыларын шығару, сиыр және шошқа еті (соның ішінде салқындатылған, термиялық өңделген өнімдер мен қосалқы субөнімдер), сондай-ақ жаңа шие жөніндегі хаттамаларды жаңарту көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында 21 түрлі өнімге арналған 16 фитосанитарлық хаттама бекітілген. Олардың қатарында бидай, арпа, соя, зығыр, рапс және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдары бар. Қытайдың Бас кеден басқармасының тізіміне 2800-ден астам қазақстандық кәсіпорын енгізілген. Бұл – қазақстандық өңдеуші зауыттар мен фермерлік шаруашылықтар үшін, соның ішінде Шығыс Қазақстан өңірі кәсіпорындары үшін де, Қытай бағытына экспортты арттырудың үлкен мүмкіндігі.
Өз кезегінде Сунь Мэйцзюнь екі ел арасындағы сауда қатынастарын дамыту мақсатында ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың Бас кеден басқармасы арасындағы тұрақты жұмыс тобы аясында техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылауды жалғастыру туралы уағдаласты. Алдағы жоспарға дайын ветеринарлық сертификаттарды бекіту, инспекцияларды аяқтау және жаңа өнім түрлері бойынша келісімдерге қол жеткізу енеді. Бұл шаралар өзара сауданың көлемін ұлғайтып, 2025 жылдың оң динамикасын бекіте түспек.

