Өскеменде Катонқарағай ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Өскемен қаласындағы «Алтай» көтерме-тарату сауда орталығының аумағында Катонқарағай ауданының ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылған дәстүрлі жәрмеңке өтті. Шараның басты мақсаты – қала тұрғындарын табиғи әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз ету және оларды нарықтағы бағадан 10–15 пайыз төмен бағамен ұсыну. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев аралап, өнімдердің сапасы мен бағасымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауданнан жәрмеңкеге жалпы екі тоннаға жуық сиыр еті, бір жарым тонна жылқы еті, сондай-ақ жарты тоннаға жуық бал, қымыз, сүт өнімдері, ірімшік пен құрт сынды экологиялық таза тағамдар жеткізілді.
Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Әли Архатұлының айтуынша, бүгінде ауданда 971 шаруа қожалығы тіркелген. Соның ішінде жиырмаға жуық қожалық өз өнімдерін Өскемендегі жәрмеңкеге әкелген.
Жәрмеңкеде «Әсел» шаруа қожалығы да өз өнімдерін ұсынды.
Жәрмеңкеде ет пен сүт өнімдерімен қатар, бал өнімдері де үлкен сұранысқа ие болды.
Өскеменге бал әкелген омарташы Руслан Федоров жуырда Астанада өткен Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де қатысып қайтқанын айтты.
Жәрмеңке барысында тек сауда ғана емес, мәдени бағдарлама да ұйымдастырылды. Катонқарағай ауданының өнерпаздары қала тұрғындарына арналған концерт қойып, қонақтарға жылы шай мен ұлттық тағамдар ұсынды.
Жалпы, жәрмеңке Өскемен тұрғындары арасында үлкен қызығушылық тудырып, ауыл мен қала арасындағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналды. Табиғи әрі сапалы өнімді қолжетімді бағада ұсынған катонқарағайлық шаруалар алдағы уақытта да осындай жәрмеңкелерге тұрақты түрде қатысуды жоспарлап отыр.
Айна Ескенқызы
Фото: Данияр Сағидолдин
Видео: Евгений Щетников















