KZ
Өскемен
-27°
туман Штиль
509.63 592.34 6.54

Мәдениет саласында неге маман тапшы?

19.10.2025, 11:00 350 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан – ежелден мәдениеті мен өнері дамыған өңір. Бүгінде облыс халқының рухани өмірін байытып, шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасеновтің айтуынша, жаңа мәдени ортаны қалыптастыру міндетін өңірдегі 360 мәдени ұйым жүзеге асырып отыр. Оның ішінде 170 клуб, 170 кітапхана, 6 мұражай, театрлар мен концерттік ұйымдар бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жалпы алғанда, мәдени нысандардың жағдайы орташа деңгейде, алайда соңғы жылдары оларды жаңғыртуға айтарлықтай көңіл бөлінуде. Дегенмен, салада шешімін күткен өзекті мәселелер де бар, солардың бірі – кадр тапшылығы. Әсіресе ауылдық мәдениет үйлерінде білікті қызметкерлер жетіспейді.

МӘДЕНИЕТ НЫСАНДАРЫ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Ауылдық жерлерде мәдениетті дамыту – басымдықтардың бірі. Себебі ауыл – ұлттың діңгегі, салт-дәстүр мен рухани құндылықтардың қайнар көзі. Бұл бағытта өңірде бірнеше маңызды бағдарлама іске асуда.

Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде ауылдық мәдениет үйлері мен кітапханалар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа нысандар бой көтеруде. Бұл мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын күшейтуге жол ашты.

Ал «Дипломмен – ауылға» жобасы арқылы мәдениет саласындағы жас мамандар – режиссерлер, хореографтар, кітапханашылар мен мәдениеттанушылар ауылдық елді мекендерге тартылып жатыр. Оларға көтермеақы және үй алуға жеңілдетілген несие түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Ауылдық жерлерде жыл сайын дәстүрлі фестивальдар, айтыстар мен өнер байқаулары ұйымдастырылады. Бұл шаралар жастардың шығармашылық белсенділігін арттырып, ұлттық өнерді дәріптеуге септігін тигізуде. Сонымен қатар қолөнер шеберлерін қолдау бағытында да нақты қадамдар жасалған. Ауыл тұрғындарының қолынан шыққан бұйымдар көрмелерде насихатталып, ұлттық мұраны сақтауға үлес қосып отыр.

– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстағы мәдени нысандарды жаңғырту және салу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2022-2024 жылдар аралығында облыстық бюджет есебінен 19 мәдениет нысаны жөндеуден өтті, үш жаңа нысан – екі ауылдық клуб пен бір мәдениет және демалыс орталығы салынды. Атап айтқанда, Зайсан ауданының Айнабұлақ ауылында, Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында, Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде Мәдениет және демалыс орталықтары бой көтерді, – дейді Самат Қасенов.

Былтыр жалпы 800,5 млн. теңгеге 10 мәдениет нысаны жөндеуден өтті. Осы жылға арналған жоспар бойынша 437 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, екі нысанда жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделген. Олар – Өскемен қаласындағы Тоқтаров көшесі, 56 мекенжайында орналасқан мұражай ғимаратын күрделі жөндеу, Зайсан ауданының Сарытерек ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу.

«ҰЛЫ ДАЛА АЛТЫНЫ» – ӘЛЕМДЕГІ ҮЗДІК БЕС КӨРМЕНІҢ БІРІ

Ұлттық мұраларды сақтау мен насихаттау бағытында ауқымды және жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл шаралардың басты мақсаты – өңірдің тарихи-мәдени мұраларын сақтап, халыққа таныту және жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыру.

Шығыс Қазақстан – еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерге ең бай өңірлердің бірі. Мұнда археологиялық жәдігерлер, сәулет және рухани мұра нысандары, дәстүрлі мәдениет үлгілері мол шоғырланған. Осы құндылықтарды зерттеу, сақтау және туристік әлеуетін арттыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда.

Облыс аумағында «Археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы» іске асырылуда. Бағдарламаның мақсаты – тарихи маңызы зор археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау және оларды тарихи туризм бағытында пайдалану. Зерттеу жұмыстары екі ірі жоба аясында жүргізілді: «Алтай-Тарбағатай: қола дәуірінен бастап ерте орта ғасырға дейін», «Тарбағатайдың етегіндегі Шілікті жазығындағы көне және ортағасырлық ескерткіштер».

– Жалпы, облыс аумағында 15-тен астам археологиялық нысан зерттелді, олардың қатарында 82 қорған, Ақбауыр қонысы, Аблайкит ғибадатханасы кешені бар. Қазба жұмыстары барысында табылған 27 мыңнан астам артефакт облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылып, әлемдегі ең үздік бес көрме қатарына енген «Ұлы дала алтыны» атты тұрақты экспозицияда көпшілік назарына ұсынылған, – дейді басқарма басшысы.

Археологиялық материалдар негізінде академик Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен мамандар тобы ғылыми реконструкциялар жасады. Солардың ішінде Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы қорымынан табылған «Алтын адам», әйелдердің салтанатты жерлеу киімдері, Берел және Қарақаба қорымдарынан табылған жауынгер-музыканттың киімі, қару-жарағы мен сауыт-сайманы, Берел қорымындағы жылқы әбзелдері және басқа да ерекше жәдігерлер бар.

2017-2024 жылдар аралығында облыстық тарихи-өлкетану музейінде 8 ғылыми-тарихи реконструкция дайындалды. Бұл экспозициялар мен зерттеу жобалары арқылы облыстың бай мәдени мұрасы ел мен шетел туристеріне кеңінен насихатталып отыр.

ІС-ШАРАЛАР ЛЕГІ ҮЗІЛГЕН ЕМЕС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәдениетті дамытудың басты тетігі мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту екенін атап өткен болатын. Осы бағытта республика бойынша, соның ішінде өңірімізде де жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

– Мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік қолдауын күшейту мақсатында еңбекақы деңгейі кезең-кезеңімен арттырылуда. Мәдениет, өнер және мұра саласындағы қызметкерлердің айлығы соңғы жылдары өсіп, олардың еңбек мотивациясын арттыруға ықпал етті. Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде. Әсіресе жас мамандарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мысалы, облыстық драма және оперетта театрының жас қызметкерлеріне қызметтік пәтерлер беріліп, олардың тұрақты еңбек етуіне жағдай жасалды. Әлеуметтік қолдау мен көтермелеу шаралары да енгізілуде. Үздік мәдениет және өнер қызметкерлері мемлекеттік және облыстық деңгейдегі марапаттарға, сыйақыларға және гранттарға ие болуда. Біліктілікті арттыру және кәсіби өсу мүмкіндіктері қамтамасыз етілген. Мәдениет қызметкерлері республикалық және халықаралық деңгейдегі семинарлар мен курстарға қатысып, өз тәжірибесін жетілдіруде, – дейді Самат Қасенов.

Жастарды өнер мен мәдениетке баулу, шығармашылық әлеуетін дамыту бағытында жүйелі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар жастардың өнерге қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың елдің мәдени өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік беріп отыр.

«Үрлемелі аспаптар оркестрлерінің шеруі», Би кештері, Караоке жобалары, сондай-ақ ауыл және қала тұрғындарына арналған отандық фильмдердің көрсетілімдері тұрақты түрде ұйымдастырылады. «Жібек жолы» хореографиялық жобасы аясында жастар би өнерінің ұлттық және заманауи түрлерін меңгеріп, түрлі деңгейдегі сахналарда өнер көрсетеді.

Фестивальдер мен байқаулар қатарында ерекше қажеттілігі бар жандарды қолдау және әлеуметтік бейімдеу мақсатындағы «Шексіз шығармашылық» облыстық фестивалі, жыл сайын сәуір айында өтетін «Будем жить» халықтық қайырымдылық фестивалі, балалар шығармашылығын дамытуға арналған «Краски детства» фестивалі, Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында өткен «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» республикалық поэзия фестивалі бар.

«Ауыл кеші көңілді» атты концерттік бағдарлама аясында филармония әртістері жыл бойы облыстың 80 елді мекенін қамтып гастрольдік сапарларға шығады. Ауданаралық шығармашылық ынтымақтастық орнатылып, ұжымдар бір-біріне барып концерттер өткізеді. Филармония ұжымдары республиканың бас қалалары мен облыс орталықтарында да өнер көрсетеді. Жыл сайын «Үміт» балалар үйінде, Отбасы үлгісіндегі балалар ауылында, Шемонаиха ауданындағы Үбі шипажайында, сондай-ақ Өскемен қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қайырымдылық концерттер ұйымдастырылады.

Өскемен қаласындағы мектеп оқушыларына арналған абонементтік концерттер тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Бұл іс-шаралар жас ұрпаққа ұлттық музыкалық аспаптарды таныстыру, өнерге баулу және мәдени мұраға қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылады.

Осы жылдың наурыз айында белгілі айтыс ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманның қатысуымен жазушы Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Қара сөздің қарагері – Қалихан» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Сонымен қатар Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында «Алтай – алтын бесігім» атты халықаралық ақындар айтысы ұйымдастырылды.

КІТАПҚА ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

Облысымызда кітапхана жүйесі кең көлемде дамып, халыққа сапалы мәдени және ақпараттық қызмет көрсету бағытында тиімді жұмыс жүргізіп келеді. Облыс бойынша 170 көпшілік кітапхана жұмыс істейді, олардың 139-ы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Биыл наурыз айында Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында жаңа ауылдық кітапхана ашылды.

Кітапхана желісінің құрылымына келсек, облыстық кітапханалар – 3 (Пушкин атындағы кітапхана, балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана), қалалық кітапханалар – 26, аудандық кітапханалар – 11, ауылдық кітапханалар – 129. 170 кітапхананың 35-інде өз ғимараты бар, ал қалған 135 кітапхана (80%) әкімдіктердің, мәдениет үйлерінің, клубтардың немесе фельдшерлік пункттердің ғимараттарында орналасқан.

– Бүгінгі таңда 123 кітапхана (72%) интернетке қосылған, соның ішінде 94-і ауылдық жерде. Бұл кітапханаларда онлайн қызмет көрсету, электронды каталогтармен жұмыс және цифрлық ресурстарға қолжетімділік жолға қойылған, – дейді басқарма басшысы Самат Қасенов. – Өткен жылы облыс кітапханаларының қоры 2 959 750 дана кітаптан тұрды, оның ішінде 957 894 дана – қазақ тіліндегі әдебиеттер. Жыл ішінде 287 мың оқырман тіркеліп, келушілер саны 3 миллионнан асты. Бұл өсімнің бар екенін көрсетеді.

2024 жылы облыстық бюджеттен 24 млн теңге бөлініп, 5 034 дана жаңа кітап сатып алынды. Ал 2025 жылы кітап қорларын толықтыруға 18,3 млн теңге қаражат қарастырылған. Сонымен қатар 2018 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Абай әлемі» кітаптар топтамасы жобасы аясында облыс кітапханалары 73 389 дана 110 жаңа кітаппен толықты.

Облыс кітапханаларында түрлі іс-шаралар өткізіліп, оған көптеген адам қатысты. Іс-шаралар аясында мерекелерге арналған бағдарламалар, кітап көрмелері мен тұсаукесерлер, ақын-жазушылармен кездесулер, әдеби кештер, пікірталас клубтары, зияткерлік ойындар, кітап оқу марафондары мен онлайн эфирлер ұйымдастырылды.

Қазіргі кезде облыста 478 кітапхана қызметкері еңбек етеді, олардың 63,8%-ы – жоғары білімді, 32,2%-ы – арнайы орта білімді, 3,9%-ы – орта білімді мамандар. Әдістемелік жұмыс аясында мамандардың қатысуымен семинар мен тренингтер өткізіледі.

Облыста төрт арнайы кітапхана жұмыс істейді. Олар: Өскемен қаласындағы облыстық зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана, Алтай қаласындағы зағиптар мен есту қабілеті төмен адамдарға арналған екі кітапхана, Глубокое ауданындағы көзі нашар көретін азаматтардың кітапханасы.

КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАЛАЙ ШЕШІЛМЕК?

Облыста халық шығармашылығын дамыту мен қолдау бағытында бірқатар мәдени бастамалар жүзеге асуда. Өңірдегі драма және оперетта театры халық өнерін дәріптеуге ерекше назар аударып, ауылдық елді мекендерге гастрольдік сапарлар ұйымдастыруда. Мұндай іс-шаралар жергілікті өнерпаздарға тәжірибе алмасуға, шығармашылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс көлемінде халық өнерін насихаттауға бағытталған «Алтай халық театрларының облыстық фестивалі» дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өткізіледі. Ауқымды мәдени шара өңірдегі халық театрларының жұмысын жандандырып, үздік ұжымдарды анықтауға және ынталандыруға жол ашады.

Сондай-ақ жыл сайын ұйымдастырылатын «Туған жер – алтын бесігім» жобасы облыстың ауылдары мен қалаларының әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін, мәдени өмірін кеңінен танытады. Жоба аясында жәрмеңкелер, спорттық жарыстар, шығармашылық кештер және түрлі мәдени шаралар өтеді.

Өңір суретшілері мен қолөнер шеберлерінің де еңбегі елеусіз қалмайды. Шығыс Қазақстан өнер музейінің залдарында олар өздерінің жеке және ұжымдық көрмелерін өткізу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар бейнелеу және қолданбалы өнер шеберлеріне қолдау көрсету мақсатында «Дала дидары» облыстық байқауы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

– Осы жылдың мәдени жаңалығы – кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарына арналған «Ғасырлық дәстүрлер» республикалық фестивалі. Аталған фестивальдің басты мақсаты – ұлттық кілем тоқу дәстүрлерін жаңғыртып, қазақ халқының бірегей мәдени мұрасын насихаттау және халық шеберлерін қолдау. Шығыс Қазақстандағы бұл бастамалар өңірдің мәдени әлеуетін арттырып, халық шығармашылығын сақтауға және ұрпақ сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр, – дейді Самат Қасенов.

Дегенмен, бүгінгі таңда мәдениет саласында шешімін күткен бірқатар мәселе бар. Солардың ішінде ең өзектісі – кадр тапшылығы мен жас мамандардың жетіспеушілігі. Әсіресе ауылдық мәдениет нысандарында білікті қызметкерлердің аздығы сала жұмысына кері әсерін тигізіп отыр.

Жастардың бұл салаға келуге ықыласы аз. Себебі мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы төмен, кәсіби өсу мен тұрақтылық мүмкіндігі шектеулі. Осыған байланысты «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында мәдениет мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын күшейту көзделген. Бағдарлама арқылы жас мамандарға баспана, көтермеақы және өзге де жеңілдіктер беру жоспарланып отыр.

Саладағы түйткілдерді шешудің басты тетігі – қаржылық қолдау мен инфрақұрылымды жаңғырту, кадр саясатын оңтайландыру. Бұл бағыттар жүйелі түрде жүзеге асқанда ғана мәдениет саласы елдің рухани жаңғыруының тірегіне айналмақ.


Ержан Әбіш

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу