KZ
Өскемен
-1°
снег жел 5 м/с, ОШ
514.74 599.36 6.71

«Жыл волонтері»: қоғам игілігі үшін қызмет еткендер марапатталмақ

20.10.2025, 09:30 137 Ержан Әбіш

Қазақстанда волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған ең беделді марапаттардың бірі – «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының алғашқы кезеңі өз мәресіне жетті. Бұл бастама еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған белсенді жастың, әлеуметтік жобалармен айналысып жүрген азаматтардың қоғам игілігі жолындағы еңбегін бағалауға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы жылы онлайн дауыс беруге 50 мыңнан астам адам қатысып, өздерінің сүйікті волонтерлерін қолдады. Бұл көрсеткіш азаматтардың белсенділігінің артқанын, қоғамда қайырымдылық пен өзара көмек мәдениетінің нығая түскенін айқын дәлелдейді.

Онлайн кезеңнің қорытындысы бойынша 15 номинацияның әрқайсысында үздік он үміткерден тұратын финалистер анықталды. Олар енді Конкурс комиссиясының сараптамалық бағалауынан өтеді. Комиссия құрамына үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам қайраткерлері және волонтерлік қозғалыстың белсенді мүшелері кірген.

Айта кетсек, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы жыл сайын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізіледі. Мақсат – волонтерлердің қоғамдағы үлесін арттыру, олардың еңбегін ел көлемінде мойындату және жаңа буынды ізгі істерге ынталандыру.

5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күніне орай Астана қаласында салтанатты марапаттау рәсімі өтеді. Сол күні қоғамның түрлі саласында өз үлесін қосып жүрген еріктілер, экологиялық қозғалыс жетекшілері, әлеуметтік жоба авторлары мен гуманитарлық бағыттағы бастамашылар арнайы марапаттарға ие болады.

Салтанатты жиында ең үздік волонтерлерге халықаралық дәрежедегі «Жыл волонтері» атағы табысталып, олардың қоғамға сіңірген еңбегі насихатталмақ. Сонымен қатар шара барысында волонтерлік мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін аймақтық және корпоративтік ұйымдар да марапатталады деп күтілуде.

Бұл оқиға – Қазақстандағы еріктілер қозғалысының жаңа деңгейге көтеріліп, азаматтық жауапкершілік пен белсенді өмірлік ұстанымның қалыптасып келе жатқанын көрсететін маңызды қадам.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу