«Бақыт әкелетін ертегілер»: қиял мен мейірімге жетелер кітап таныстырылымы
Атақты ақын Ғафу Қайырбектің ақ батасын алған, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы мен Әлібек Асқаров сынды қаламгерлердің жолын жалғаған Бақытжан Раисованың есімі әдебиетсүйер қауымға, қалың оқырманға жақсы таныс. А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында республикаға есімі белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Жазушылар Одағының мүшесі, бірнеше жыр жинақтарының авторы, ардагер ұстаз Бақытжан Раисованың «Бақыт әкелетін ертегілер» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шараның мақсаты – балаларды кітап оқуға баулу, ертегі арқылы ізгілікке, достыққа және мейірімділікке тәрбиелеу. Кеш барысында қатысушылар автордың шығармашылық жолымен танысып, оның ертегі жазудағы шабыт көзі мен шығармашылық жолы туралы әсерлі әңгімесін тыңдады. Автор оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, жаңа кітабының жазылу барысындағы қызықты сәттерімен бөлісті.
Шара барысында №27 орта мектептің 5 «Ә» сынып оқушылары «Қарақат сұлу» ертегісінен әсерлі сахналық көрініс қойды. Сонымен қатар балаларға арналған интерактивті ойындар, ертегілер мазмұнын анықтау және «Иә»/«Жоқ» форматындағы жылдам сұрақтар ойыны ұйымдастырылды.
№47 мектептің оқушылары да шараға белсене қатысып, авторға өздерінің қызықты сұрақтарын қойып, ертегі әлемі туралы әсерлі пікірлерімен бөлісті.
Кеш соңында оқушылар мен қонақтар өздерінің әсерлерін «Бақыт ағашына» жазып, ізгі тілектерін қалдырды. Шарада автордың өлеңдері оқылып, қатысушылар ақынға шығармашылық табыс тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
«Бақыт әкелетін ертегілер» — кішкентай оқырмандарға бақыт пен мейірім сыйлайтын, қиял мен ізгілікке жетелейтін туынды.
Айжанат Бақытқызы



