KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 4 м/с, В
522.19 606.42 6.47

Жүргізушілерге ескерту: қысқы дөңгелектерді пайдалану – міндетті талап

depositphotos.com

4.11.2025, 17:00 132

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті қыс мезгілі кезінде, яғни, желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында қысқы шиналармен жабдықталмаған автокөліктерді пайдалануға тыйым салынатынын еске салады. Бұл талап жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Қыс мезгілі жол қозғалысына ерекше жауапкершілік жүктейді. Қар мен көктайғақта көлік жүргізу тек тәжірибе мен сақтықты ғана емес, сондай-ақ дөңгелектердің сапалы болуын да талап етеді. Қысқы шиналар көліктің қар басқан немесе көктайғақ жолда орнықты қозғалуына, тежегіш қашықтығын қысқартуға және апаттың алдын алуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, көлік құралының барлық дөңгелектеріне қысқы шиналар орнатылуы шарт.

Мұндай шиналардың сыртқы жағында үш шыңды тау бейнесі мен қар ұшқыны түріндегі арнайы белгі, сондай-ақ «М+S», «M&S» немесе «M S» деген таңбалар болуы тиіс. Бұл — дөңгелектің қысқы жағдайда пайдалануға жарамды екенін білдіреді.

Егер жүргізуші шипі бар шиналарды қолданса, көліктің артқы жағына «Ш» белгісін орнатуы қажет. Белгі — қызыл жиекті ақ түсті үшбұрыш, ішінде қара түсті «Ш» әрпімен бейнеленеді. Үшбұрыш қабырғасының ұзындығы кемінде 200 миллиметр, ал жиек ені оның оннан бір бөлігіне тең болуы тиіс.

Айта кету керек, қыс мезгілінде жазғы шиналарды пайдаланған жүргізушілерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының Әкімшілік полиция басқармасы жүргізушілерге көліктерін алдын ала қысқа дайындап, жазғы шиналарын уақтылы ауыстыруды ескертеді. Бұл — өзіңіздің және өзгелердің қауіпсіздігі үшін маңызды қадам.

Қаладан тыс жолдардың жағдайы мен жүріп-тұру мүмкіндігі туралы ақпаратты тәулік бойы мына телефондар арқылы білуге болады:
    •    77-70-81, 77-60-05 — ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының кезекші бөлімі;
    •    26-28-08, 24-08-98, 8-777-535-89-08 — «ҚАЖ Сервис» ЖШС диспетчері;
    •    57-42-52, 8-705-798-05-99 — «ОблШығысЖол» ЖШС диспетчері.

Ауа райы нашарлаған жағдайда қала сыртына шығудан бас тарту ұсынылады.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу