KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Марқакөлде алғашқы «Жас сақшы» кадет сыныбы ашылды – ШҚО

5.11.2025, 18:30 99 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының көрікті өңірі – Марқакөл ауылында жас ұрпақтың бойына патриоттық рух пен тәртіпті, Отанға адал қызмет ету қағидатын сіңіруге бағытталған ерекше жоба жүзеге асырылды. Мұнда алғашқы рет «Жас сақшы» кадет сыныбы ашылып, ел тыныштығы мен құқықтық мәдениетті қорғауға ниетті жасөспірімдер сап түзеді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Салтанатты ашылу рәсіміне ШҚО полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Раджан Карикпаев, Марқакөл аумақтық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Аслан Мұратпеков, аудандық білім бөлімі өкілдері мен ауыл тұрғындары, сондай-ақ болашақ кадеттердің ата-аналары қатысты.

Жаңа кадет сыныбына өмірін ел қауіпсіздігіне арнаған, Марқакөл ауылдық полиция бөлімін ұзақ жылдар бойы басқарған, қазіргі ардагерлердің тәлімгері – Нұрмұхамбет Рахметұлы Сәріповтің есімі берілді. Ерлік пен еңбекке толы өмір жолы, адалдық пен жауапкершілікті ту еткен қызметі – бүгінгі жас буынға тағылым, нағыз азамат болудың үлгісі.

«Жас сақшы» бағдарламасы бойынша 7 «А» сыныбының 14 оқушысы енді тек пәндік біліммен ғана емес, сонымен қатар тәртіп, азаматтық жауапкершілік және отансүйгіштік ұстанымдарымен де тәрбиеленеді. Олар болашақта ел тыныштығын күзетіп, халыққа адал қызмет ететін, қоғамның сеніміне лайық азамат болып қалыптасады деген үміт зор.

Салтанатты сәтте полиция подполковнигі Раджан Карикпаев жас кадеттерге жүрекжарды тілегін арнады.

«Сіздердің бойларыңызда тәртіп пен патриотизм, Отанға адалдық пен рух беріктігі қалыптасады. Бұл бастама – болашаққа сенімді қадам. Сіздерге табыс, мықты денсаулық және оқу жолында сәттілік тілеймін!» – деді.

Сыныптың ашылуы – жай ғана оқу форматының жаңалығы емес, бұл – ұлт болашағына салынған іргетас. Бүгін сапқа тұрған 14 жасөспірім ертең ел қорғаудың қасиетті борышын адал атқаратын, әділдік пен тәртіптің туын биік ұстайтын тұлғаларға айналады деген сенімдерін білдірді жиналғандар.

Мерекелік іс-шара соңында оқушылар «Жас сақшы» антын қабылдап, елге қызмет етуге серт берді. Нағыз ерлік пен жауапкершілік жолының алғашқы баспалдағы болған бұл күн олардың өмірінде ұмытылмас сәтке айналды.

Марқакөл жерінде бастау алған осы игі бастама жас буынды елжандылыққа, тәртіп пен заңға құрметпен қарауға баулып, қоғам мен мемлекеттің болашағына қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеудің жарқын үлгісіне айналмақ.


Фото: ШҚО ПД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу