KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 5 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Қысқы кезеңге техникаларымыз қаншалықты дайын?

12.11.2025, 10:30 143 Базарова Айгүл

"Қазгидромет" филиалының мәліметінше, қараша айы Шығыс Қазақстанда әдеттегіден жылы болады деп күтілуде. Алайда, арасында жауын-шашын түсіп, сулы қар жиі жаумақ, деп хабарлайды Altainews тілшісі. 

Мамандардың мәліметінше, қыста құбылмалы ауа-райы болжанады, желтоқсан әдеттегіден суық болмақ. Қаңтар – климаттық көрсеткіштен 1°С төмен, ал ақпан – керісінше, әдеттегіден 1° жылы болады. Сондай-ақ, арасында 20 м/с-қа дейін қатты жел және қалың тұман, ақ түтек боран соғып, жол қозғалысы қиындайды деп күтілуде.

Дауылды ескертулер туралы ақпарат халыққа ұялы байланыс операторларының SMS хабарламалары, "Darmen" мобильді қосымшасы, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы хабарланады.

– Өңірдегі ықтимал төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін 7865 адамды құрайтын жеке құрам дайын. Қар тазалауды, инженерлік және эвакуациялық техниканы қоса алғанда, 913 бірлік техника әзірленді. Привольное ауылында жеті жылыту бекеті және Апаттар медицинасы орталығының бір трассалық медициналық-құтқару пункті құрылды, – деп хабарлады ТЖД өкілдері.

Олардың айтқанына сүйенсек, Шығыс Қазақстан республикадағы көшкін қаупі жоғары өңірлердің бірі. "Қазселденқорғау" мекемесінің ШҚ филиалы қызмет көрсететін аумақта 325 көшкін жинағышы бар. 93 шақырым автокөлік жолдары мен мейрам және демалыс күндері демалушылар саны үш мыңнан асатын шаңғы, туристік демалыс базалары қар көшкіні жүру аймағына кіреді. "Қазселденқорғау" ММ филиалы қар көшкіні қауіпті кезеңге 20 көшкін бағытын әзірледі. Онда филиал мамандары қызмет көрсететін 160 қар өлшегіш орнатылған. 

Департамент күзгі-қысқы кезеңде облыстың су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Облыста мұз үстінде жаппай балық аулайтын 40-тан астам орын бар. Қыркүйектің басынан бері 110 профилактикалық рейд жүргізіліп, 1100 жадынама таратылды, 38 нұсқама өткізілді. Құтқарушылар мұзға аяз тұрақтанған кезде ғана шығуға болатынын, балаларды қараусыз қалдыруға мүлде болмайтынын және мас күйде балық аулауға қатаң тыйым салынатынын ескертеді.

Алайда мұндай ескертулерге қарамастан, балық аулау кезінде облыстың су айдындарында екі адам суға батып кетті. 

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – құтқару құралдарынсыз жалғыз балық аулау, балық аулау кезінде спирттік ішімдіктерді ішу, мұз қатқанда су айдындарынан рұқсатсыз өту, жүзе алмау. Сонымен бірге мұз қатқан су айдындарында шанамен, қарда жүретін көліктермен және автомобильдермен жүру.

Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарына қыста күтім жасау үшін климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, қалалар мен аудандар бойынша біркелкі бөлінген 957 бірлік техника дайындалды. Республикалық маңызды жолдарға "ҚАЖсервис" ЖШС ШҚ ОФ қызмет көрсетеді. Оларда 103 бірлік техника бар, оның 95%-ы жарамды. Облыстық маңызы бар жолдарға "ОблШығысЖол" ЖШС жауапты. Оларда 119 бірлік болса, оның 93%-ы дайын. Аудандық жолдар мен елдімекендер көшелеріне 735 бірлік техника жұмылдырылады. Өңірдің қар басатын жол учаскелерінде ("Өскемен – Тарғын – Самар", "Теректі – Ұранқай – Төсқайың"," Күршім – Қалжыр") қар ұстайтын қалқандар орнатылған.

Қызметтердің қысқа дайындығы "ҚЫС – 2025" командалық-штабтық оқу-жаттығуларында тексеріледі.

Тұрғындарға дауылды ескертулер алған кезде мүмкіндігінше елді мекендерден тысқары алыс сапарларды кейінге қалдыру ұсынылады. Егер жол жүру тым қажет болса, шығарда тыңғылықты дайындалыңыз. Өзіңізбен бірге мыналарды алып жүру қажет – сым арқан, күрек, шыны тазалағыш, жанармай қоры, майшамдар, жылы киімдер, телефон, зарядталған PowerBank, шам, азық-түлік қоры, термосқа құйылған ыстық шай, ашық түсті мата.

Жолға шығарда жолдың жай-күйін анықтаңыз. Мұны, "Darmen" тегін мобильді қосымшасын жүктеу арқылы біле аласыздар. Республикалық маңызы бар жолдардың жағдайын 26-28-08, ал облыстық жолды 57-42-52 телефондары арқылы нақтылау керек.

Мүмкін болса, жолда байланысқа шығып, қайда екеніңізді хабарлаңыз. Төтенше жағдай туындаған кезде "112"нөміріне қоңырау шалу қажет.


Дәурен Аллабергенұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу