Елімізде келесі жылдан бастап «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы іске қосылады
Қазақстанда 2026 жылдан бастап жаңа мемлекеттік бастама – «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарлама халық арасында сұранысқа ие, көпшілігі шетелден импортталатын тауарларды ел ішінде өндіруге бағытталған. Негізгі мақсат – отандық шағын және орта бизнес пен ірі кәсіпорындардың инвестициялық жобаларын қолдау, әсіресе агроөнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі саласында.
Мемлекет пен өңірлердің өзара ынтымақтастығы нәтижесінде импортты алмастыратын және экспорттық әлеуеті жоғары жобалар таңдалып, оларды жүзеге асыру «Бәйтерек» холдингі арқылы қаржыландырылады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, өңірлердің өндірістік әлеуетіне талдау жүргізіліп, жалпы құны 4,3 трлн теңге болатын 202 жоба қамтылған инвестициялық портфель қалыптастырылған.
Қант импортына тәуелділікті азайту үшін «QazaqArab Sugar» және «Asyl Farms» компаниялары 5 ірі жоба әзірлеуде. Сондай-ақ, құс еті өндірісі бойынша «Aitas KZ» және «Eco Broiler Ltd» кәсіпорындары қатысатын 24 жоба іске қосылады.
Ал астықты терең өңдеу саласында түрік компаниясы Tiryaki Holding Астанада жылдық қуаттылығы 240 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақ өңдейтін кешен салуда. Жобаның құны – 320 млн доллар, аяқталу мерзімі – 2028 жыл.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков импортқа тәуелділігі жоғары 26 тұтыну тауарларының тізбесін ұсынды. Оның ішінде мақта маталар мен мектеп формасы, аяқ киім мен тұрмыстық техника, сантехника, косметика және гигиена құралдары бар.
Осы бағыттарда 600 млрд теңгеден астам қаржыға 67 инвестициялық жоба дайындалды. Нәтижесінде 10 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Жеңіл өнеркәсіпті ынталандыру мақсатында салықтық жеңілдіктер енгізу мәселесі де қарастырылып отыр. Барлық жобалар «Бәйтерек» холдингі мен екінші деңгейлі банктер арқылы сарапталып, қаржыландырылады.
Инвесторларды іріктеу кезінде олардың қаржылық тұрақтылығы, салалық тәжірибесі және өндірісті жергіліктендіру деңгейі ескеріледі.
Қорытынды сөзінде Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға бағдарламаны іске қосуға қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық рәсімдерді жедел аяқтауды тапсырды.




