Саналы ұрпақ – адалдық пен парасаттылықтың бастауы
Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен Өскемен құрылыс-техникалық колледжі ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған «Саналы ұрпақ» слет-форумы өтті. Форумның басты мақсаты – жастардың бойында парасаттылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдық пен әділдік құндылықтарын дәріптеу болды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Іс-шараға ШҚО білім басқармасының, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің және аймақ колледждерінің өкілдері, сондай-ақ «Саналы ұрпақ» клубтарының белсенді мүшелері қатысты. Форум жұмысы мазмұнды әрі әсерлі өтті. «Менің міндетім – адал азамат болу» тақырыбында студенттер өз ойларын ашық ортаға салып, адалдықты өмірлік қағида ретінде ұстанудың маңызын жеткізді. «Адалдық қазынасы» атты квест-ойынында жастар әділдік пен сенім ұғымдарын ойын арқылы ұғынса, «Идеялар мен шешімдер форумы» атты workshop дөңгелек үстелінде адал ұрпақты тәрбиелеудің тың тәсілдері талқыланды.
Салтанатты ашылу сәтінде «Саналы ұрпақ» клубының қатары жаңа мүшелермен толықты. Бұл – парасаттылық пен адалдық идеясын ұлықтауға дайын жастар легінің артқанын көрсетеді. Форум аясында бейнероликтер байқауы мен спитч сайысының жеңімпаздары анықталды. Бейнероликтер байқауында бірінші орынды Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі, екінші орынды С. Аманжолов атындағы жоғары колледж, үшінші орынды ҚАЕУ жоғары колледжі иеленді. Ал спитч бағытында ҚАЕУ жоғары колледжі үздік деп танылып, екінші орын Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжге, үшінші орын Өскемен медициналық-стоматологиялық колледжге бұйырды.
Форумның қорытынды сәтінде адалдық пен ұстанымдылықтың символы саналатын «Адалдық кубогы» С.Аманжолов атындағы Жоғары колледжге табысталды.
«Саналы ұрпақ» слет-форумы идеялармен алмасуға, парасаттылық пен әділдік қағидаттарын жастар санасына терең сіңіруге, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға мүмкіндік берген маңызды диалог алаңына айналды. Бұл шара – қоғамның адал болашағын қалыптастыру жолындағы сенімді қадамдардың бірі болды.
Фото: ШҚО Білім басқармасы





