Өмірін отпен күреске арнаған полковник
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау полковнигі Рауан Әбікенов еңбек сіңірген демалысқа салтанатты түрде шығарып салынды. Бұл күн ұжым үшін ерекше толқынысқа толы болды – әріптестері кәсіби өмірін от пен судың ортасында өткізген ардагер офицерді құрметпен шығарып салды, деп Altainews.kz.
Полковник Әбікенов ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді. 25 жылдан астам уақыт бойы ол төтенше жағдайлармен күрестің алдыңғы шебінде жүріп, талай қиын сәтте адамдардың өмірін құтқаруға үлес қосты.
Қызметтік жолында талай ауыр өрттер мен табиғи апаттардың ортасында болған Рауан Әбікеновтің есімі кәсібилік пен табандылықтың үлгісіне айналды. Әсіресе, Абай облысындағы жойқын орман өрті кезінде оның жетекшілігімен талай ауыл аман қалды. Сондай-ақ, жуырда ғана облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйдің шатыры өртенген кезде де ол әріптестерімен бірге жалынды дер кезінде ауыздықтап, үлкен апаттың алдын алды.
Бүгін Рауан Әбікеновке зейнеткерлік мәртебесі берілді. Қызметтестері дәстүрге сай ардагерді ерекше рәсіммен шығарып салды. Сиреналар қосылып, өрт сөндіру көліктерінен су бүркілді. Бұл — өмір бойы отпен арпалысып келген адамның жаңа белеске абыроймен қадам басуын білдіретін дәстүр.
Қоштасу сәтінде полковник Рауан Әбікенов әріптестеріне жүрекжарды лебізін жеткізіп, жауынгерлік сапарлардан әрдайым аман оралуға тілек білдірді. Сондай-ақ, жас мамандарға кәсіби біліктілікті үздіксіз жетілдіріп, ел алдындағы борышқа адал болуды өсиет етті.
Фото: ШҚО ТЖД

