KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 5 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Өсу мен өрлеудің екі жылы: Алтай ауданы әкімі халық алдында есеп берді

12.11.2025, 13:30 152 Базарова Айгүл

Алтай ауданында соңғы екі жылда атқарылған жұмыс пен қол жеткізілген нәтижелердің қорытындысы шығарылды. Аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың тұрғындармен өткен кездесуі өңірдің даму бағыты мен халық тұрмысының нақты өзгерістерін айқындаған маңызды жиын болды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Әкім өз сөзінде осыдан тура екі жыл бұрын аудан тұрғындарының сенім мандатын алған сәтті еске алды. Сол уақыттан бері Алтайды көркейту, экономиканы нығайту және халықтың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі әрі нақты қадамдар жасалғанын айтты.

— Бұл жылдар мазмұнды әрі қарқынды болды. Қол жеткізген жетістіктеріміз – билік пен халықтың бірлесе атқарған еңбегінің жемісі, — деді Ренат Құрмамбаев.

Екі жылдың ішінде аудан өмірінде айтарлықтай оң өзгерістер болды. Алтай тұрғындарымен тұрақты байланыс орнатылып, 75 кездесу ұйымдастырылған, 140 ұсыныстың 109-ы шешімін тапқан. Тұрғындармен тікелей жұмыс істеу мәдениеті қалыптасып, 155 жеке қабылдау өткізілді.

Ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылмай жатқан 11 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылып, тиімді игерілуде. 5,4 млрд теңгеге жаңа техника сатып алынып, еңбек өнімділігі артты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлеріне 123,8 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылды.

Білім беру саласында да жаңару үрдісі байқалады. 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді, ондаған білім нысаны жөндеуден өтті. Денсаулық сақтау жүйесінде де оң серпіліс бар — 2,1 млрд теңгеге жобалар жүзеге асырылуда, МРТ ғимаратының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Туризм саласы тарихи өрлеу кезеңін бастан өткеруде. Соңғы екі жылда бұл бағыттағы қызмет көлемі 1,5 есеге, ал аудан бюджетінің кірісі 7 есеге артқан.

Инфрақұрылым мен экология назардан тыс қалған жоқ. 116 шақырым жол жөнделіп, 26 маңызды жоба іске асырылды. Қала мен ауылдарда 15 балалар және спорт алаңы абаттандырылды, 9,5 мың ағаш отырғызылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер жаңартылды.

Ауданның цифрлық келбеті де жаңарды — 30 елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылып, мектептерде Starlink жүйесі енгізілді. Қауіпсіздік саласында 277 бейнебақылау камерасы орнатылып, қылмыстарды ашу деңгейі 72,5 пайызға жетті.

Жалпы, 4 300 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызға дейін төмендеді.

— Барлық жетістіктеріміз – бірліктің нәтижесі. Әр істің табысты жүзеге асуында ауданның әр тұрғынының үлесі бар. Біз алдағы уақытта да ынтымақпен, жоғары жауапкершілікпен жұмыс істей отырып, Алтайды одан әрі көркейте береміз, — деді аудан әкімі қорытынды сөзінде.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу