Өскеменде Ұлттық ұланның әскери бөлімінде қорытынды тексеріс өтуде
Өскемен қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінде жыл сайынғы қорытынды тексеріс жүруде. Бұл – жеке құрамның жауынгерлік және қызметтік дайындық деңгейін анықтап, өткен оқу маусымындағы нәтижелерді саралауға бағытталған маңызды кезең, деп хабарлайды Altainews.kz.
Тексеріс барысында әскери қызметшілер саптық, атыс, физикалық және арнайы дайындық бойынша өз шеберліктерін көрсетуде. Әрбір сарбаз үшін бұл – жыл бойы үйренгенін іс жүзінде дәлелдеудің, кәсіби шеберлігін танытудың айрықша мүмкіндігі.
Әскери бөлімнің командирі, подполковник Елтай Рахимжанов тексерістің мәні мен маңыздылығына тоқтала келе, аталған іс-шараның әскери қызметшілер үшін үлкен жауапкершілік пен тәжірибе мектебі екенін атап өтті.
Командирдің айтуынша, бөлімнің әскери қызметшілері жоғары жауапкершілік пен дайындық деңгейін көрсетіп, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында абыроймен қызмет атқарып келеді.
Қорытынды тексеріс бірнеше күнге жалғасады. Оның нәтижесінде үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар мен бөлімшелер «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы басшылығының атынан марапатталады.
Ұлттық ұланның бұл дәстүрлі іс-шарасы – әскери тәртіпті нығайтып, жауынгерлердің рухын көтеруге, патриоттық сезімін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі




